Петропавл полицейлері қылмыс үшін іздеуде жүрген бесеуді қаңғыбастар арасынан тапты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Ауа райының суытуына байланысты Петропавл полицейлері тұрақты мекенжайы жоқ адамдармен жұмысты жандандырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавл қалалық полиция басқармасының қабылдап-тарату орны қызметкерлері күнделікті сағат 15.00-ден 23.00-ге дейін қаңғыбастар көп шоғырланған орындарды – жылу құбарларының маңын, бос ғимараттарды, жертөлелер мен құдықтарды тексереді. Тұрақты мекенжайы жоқтарды кейін тәртіп сақшылары арнайы есептер бойынша тексеріп, дактилоскопия жасайды, фото-, видео есепке алынып, қылмыстарға қатыстылығы анықталады.

«Бұдан басқа тұрғындардан келіп түсетін шағымдармен жұмыс істейміз. Тағы бір факті Instagram желісі арқылы анықталды. Ақпаратты тексеру барысында полицейлер «Қазақстан» кинотеатры ауданында тұрғындарды мазалаған қаңғыбастар тобын анықтады. Осыған ұқсас жағдайларда 87152 59-92-99 нөмірі арқылы кезекші бөлімге, «102» арнасына тікелей хабарласуға немесе «102» мобильді қосымшасын қолдануға болады. Мобильдік қосымша қоңырау соғуға да, полицияға аудио және бейнефайлдарды, мәтіндік хабарламаларды жолдауға да мүмкіндік береді. Хабарламалар түскен кезде бірден тексереміз», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы қабылдап-тарату орнының бастығы Адай Смайыл.

Жеке бастарын анықтаған соң тұрғылықты мекенжайы жоқ адамдар түнеу орнына жеткізіледі. Түнеу орны ауа райының суытуына байланысты, 1 қазаннан жұмысын қайта бастады. Полицейлер түнеу орнына күніне шамамен 10-15 адамды жеткізеді.

Жыл басынан полицейлер қабылдап-тарату орнына тұрақты мекенжайы жоқ адамдарды 1480 рет жеткізген. Тексеру барысында олардың арасынан қылмыстық іске байланысты іздеуде жүрген 5 адам анықталды.


Соңғы жаңалықтар