Петропавл маңында қамыс жанып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы «Береке» ықшамауданында қамыс жанып, қазіргі уақытта өрт сөндірушілер қызыл жалынмен күресіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавлдағы «Береке» ықшамауданында қамыстың өртенгендігі туралы алғашқы бейнежазбалар алдымен әлеуметтік желіде пайда болды.

Жазбаны таратқан тұрғындардың айтуынша, осы ауданда батпақта өскен қамыс жылда өртенеді. Ол өртенген сайын жақын маңдағы жеке үй тұрғындарының зәре-құты қалмайды екен. Бұл жолы да қалалықтар өрттің үйге жайылмауын қадағалап, өрт сөндірушілердің жолын тосқан.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметі өртке қатысты мәлімет берді.

Мамандардың айтуынша, бүгін сағат 13.12 минут кеткенде «101» нөміріне Петропавлдағы «Береке» шағынауданында қамыстың жанып жатқандығы жайында хабарлама түскен. Сағат 13:14 минут кеткенде оқиға орнына алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келіп, қызыл жалынмен күресті бастады. Қазіргі уақытта өрт шамамен 1 га аумаққа жайылған. Ол жерде Петропавлдың 3 өрт сөндіру бөлімшесінің 6 техникасы мен жеке құрамнан 20 адам жұмыс істеп жатыр. Жақын маңдағы үйлерге келер қауіп жоқ.


Соңғы жаңалықтар