Петропавл көшесінде түнде екі жасөспірім мас жүрген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда полицейлер түнде көшеде мас жүрген екі жасөспірімді анықтады, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлда «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел-профилактикалық іс-шара өтіп жатыр. 17 маусым басталған операция 20 маусым аяқталады. Полицейлер мен волонтерлер рейдке шығып, жасөспірімдер тарапынан және оларға қатысты жасалатын қылмыстардың алдын алуды мақсат еткен.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, түнгі сағат 23.00-ден кейін кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз көшеде жүре алмайды. Рейд барысында полицейлер көңіл көтеру орындарына басымдық береді. Нәтижесінде балаларын түнде бақылаусыз жіберген 8 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сондай-ақ жасөспірімдерге спирттік және темекі өнімдерін сатуға тыйым салынған. Соған қарамастан түнде қала көшесінде мас жүрген екі жасөспірім анықталды. Олардың әке-шешесі де жауапкершілікке тартылды.

«Әсіресе каникул кезінде жасөспірімдер өздерін «ересек» етіп көрсеткілері келеді. Жалпы рейдтік іс-шараларды өткізуге бізге волонтерлер көмектеседі. Дәмханалар, компьютер клубтары, парктер мен саябақтар тексеріледі. Ал күндіз сауда орындарын, базарларды, автокөлік жуу орындарын тексереміз. Мақсатымыз балаларға қатысты еңбек заңнамасының бұзылуына жол бермеу», - дейді Петропавл полиция басқармасы ювеналды полиция бөлімінің бастығы Эльмира Абушева.

Соңғы жаңалықтар