Петропавл көшелеріндегі бақылау жүйесі биыл 1200-ден астам заңсыздықты тіркеді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлдағы көше қиылыстарында тұрған автоматты техникалық өлшеу құралдары жыл басталғалы 1251 құқықбұзушылықты тіркеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, облыс орталығындағы бірнеше көше қиылысында интеллектуалды бақылау жүйесі жұмыс істейтіндігі жайында тұрғындар бірнеше мәрте ескертілді. Соған қарамастан техникалық құрылғының объективіне бір айдың ішінде бірнеше рет түскендер бар. Астаналық 42 жастағы тұрғын қиылысты дұрыс өтпегені үшін үш рет айыппұл төледі. Ол Абай-Назарбаев көшелерінің қиылысында 10 минуттың ішінде екі рет заңсыздыққа жол берген. Шетелдік тіркеуі бар көліктің жүргізушісі көшенің осы қиылысында бір айда екі рет бейнекамераға түскен.


Мамандардың айтуынша, өткен жылдың соңынан бастап бақылау жүйесі жол ережесін бұзған осындай көліктерді де тіркейтін болған. Нәтижесінде шетелдік тіркеуі бар көлік жүргізушілері биыл 74 рет айыппұл төлеген.

«Жол белгілерін назарға алмай, талаптарды орындамаған жағдайда 3 АЕК дейін айыппұл салынады. Егер жүргізуші бір жылдың ішінде оны қайталайтын болса, онда 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Сондай-ақ айыппұл бір аптаның ішінде төленетін болса, оның сомасы 50% дейін қысқарады», - дейді СҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Оспанов.


Петропавл қаласындағы көше қиылыстарының төртеуіне интеллектуалды бақылау жүйесі орнатылған.


Соңғы жаңалықтар