Петропавл Қазақстан мен Ресей шекаралық ынтымақтастық форумына дайындалуда

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл қаласы Қазақстан мен Ресей шекаралық ынтымақтастық форумының қонақтарын қарсы алуға қызу дайындық үстінде. Бірқатар нысандар күрделі жөндеуден өтіп, енді бірі жаңадан қолданысқа берілмек. Олардың ішінде мейрамхана мен қонақ үй де бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Петропавлдағы «Есіл» мейрамханасы 1984 жылы ашылған, алайда, осы күнге дейін күрделі жөндеу көрмепті. 4 залы бар мейрамхана 150-ден 50 адамға дейін сыйғыза алады. Жаңа жылда басталған жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың шатыры ауыстырылды. Бірінші және екінші қабаттарындағы әрлеу жұмыстары да аяқталуға жақын.

«Royal Palace» мейрамхана-қонақ үй кешені қараша айында ашылады. Жалпы аумағы - 3000 шаршы метр. Кешен екіге бөлінген, оның жартысында 10 бөлмесі бар қонақ үй орналасса, екіншісінде 600 орындық тойхана болады. Сонымен қатар, 200 орындық кіші зал, караоке-бар және тағы да басқа көңіл көтерер демалыс орындары жоспарланған. Кешеннің құны 600 млн теңге.

«Green Park» отбасылық демалыс орны форумның 200 қонағын қарсы алатындай мүмкіндігі бар. Тоғыз үйден тұратын кешенде қазір жаңа мейрамхана құрылысы жүріп жатыр.

«Барлық аумаққа ғаламтор желісі тартылды. Қонақтарды үйлерде ғана емес, қажет болса, арнайы бөлінген ас үйде тамақтандыра аламыз. 45 қызметкеріміз бар, олар жоғары дайындықтан өткен. Сондықтан, қонақ күтуге қосымша адам тартпаймыз», дейді «GREEN PARK» директоры Максим Калинин.

9 қарашада өтетін Қазақстан мен Ресей шекаралық ынтымақтастық форумының басты тақырыбы - туризм саласын дамыту, сондықтан да Қызылжар өңірі көршілерге қонақжайлылығын көрсетіп, демалыс орындарын насихаттамақ.

Ақерке Қабыкеева

Соңғы жаңалықтар