Петропавл қаласының өз Арбаты пайда болады

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында шығармашыл, дарынды адамдарды қолдау мақсатында «Қызылжар арт орталық» жобасы қолға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов облыстық музейде болып, «Қызылжар арт орталық» жобасын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.

«Музейлер заман ағымынан қалмауы керек. Біз қазір өте қызықты «Қызылжар арт орталық» жобасын қолға алдық. Облыстық музейдің ішкі ауласы көп жыл бойы пайдаға жарамай бос тұрды. Біз бұл жерде туристік-шығармашылық орталық құрмақпыз. Шығыс және еуропа ас мәзірімен арт-дәмхана ашамыз. Ерекше безендіріледі. Бұл жерде жас музыканттар үшін, ақын-жазушы, әншілер үшін сахна болады», - дейді Құмар Ақсақалов.

СҚО әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 120 қолөнер шебері бар. Олар да жаңа орталықта өз туындыларын насихаттауға мүмкіндік алады. Көрме-галереядан жергілікті суретшілердің де картиналарын тамашалауға болады. Сондай-ақ металл, былғары, ағашты өңдейтін шеберханалар ашылмақ. Келушілерға арнайы шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.

Ал сауда-жәрмеңке аймағында шеберлер мен суретшілердің дайын өнімдерін сатып алуға болады. Демалып отыруға, фотоға түсуге арнайы орындар бөлінбек.

«Музейлердің негізгі міндеті – келушілердің қатарын арттыру. Осыған байланысты біз 2018 жылдан бастап музейге кіруді тегін еттік. 2017 жылы музейлерге 145 мың адам келсе, 2019 жылы олардың саны 172 мыңға дейін артты.

Әлемнің үздік музейлері танымдық-білім беру міндетінен бөлек мәдени-көңіл көтеру орталықтардың рөлін атқарады. Елге келген турист ең бірінші музейге барады. Біріншіден оған кіру тегін, екіншіден осылайша сол мемлекеттің тарихымен, әдет-ғұрпымен, мәдениетімен танысады. Осылайша адамның сол ел жайында алғашқы көзқарасы қалыптасады. Жаңа жоба жүзеге асқан жағдайда облыстық музей қала тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналады, Петропавлдың осылайша өз Арбаты болады», - дейді өңір басшысы.


Соңғы жаңалықтар