Петропавл іргесіндегі саяжайда шыққан өрттен 7 үй жанып кетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Петропавл маңында орналасқан саяжай кооперативінде шыққан өртті тек 3,5 сағаттан кейін ғана сөндіру мүмкін болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төтенше жағдай Петропавлдағы «Ракета» саяжай кооперативінде болды. Қураған шөптен басталған өртті дауыл өршітіп, соның салдарынан өрт сөндірушілерге барлық күшті жұмылдыруға тура келді. Оқиға орнында 48 қызметкер және 11 техника жұмыс істеді.

«Дабыл бойынша департаменттің барлық күш құрылымдары көтерілді. Бүгінгі күн райы жағдайды ушықтырып тұр. Желдің жылдамдығы секундына 25-тен 30 метрге дейін. Бұл өз кезегінде бізге кедергі жасап бағуда. Сондай-ақ тар көшелер де жұмысты қиындата түсті», - деді СҚО ТЖД бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев.

Төтенше жағдайлар комитетінің мәліметінше, түскі бірлер шамасында басталған өртті мамандар тек 3,5 сағаттан кейін ғана толық сөндірді. Жалын шарпыған аумақ 1,5 мың шаршы метр. Жеті саяжай үйі жанып кетті.

Мамандардың болжамынша, өрт тұрғындардың қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан шығуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар