Петропавл форумы: Қазақстан мен Ресей 35 құжатқа қол қойды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық XV форумының негізгі қорытындыларын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңізге мәлім, форум қорытындысы бойынша екі елдің президенттері 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойған болатын. Бұл құжат саяси, экономикалық, мәдени, гуманитарлық және басқа да салаларда екі елдің практикалық өзара іс-қимылын одан әрі тереңдету шараларын айқындайды», - деді Айбек Смадияров ҚР Сыртқы істер министрлігінде өткен апталық брифингте.

Форумның негізгі мақсаты - туризм саласында Қазақстан мен Ресейдің өзара іс-қимылын кеңейту. Атап айтқанда, екі елдің іскер топтары мен мемлекеттік құрылымдары арасындағы кооперациялық байланыстарды тереңдету арқылы туризм түрлерін дамыту, озық тәжірибелермен алмасу, туристік индустрияға өзара инвестициялардың келуін ынталандыру.

«Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туристерге шекарадан өту үшін ыңғайлы жағдай жасау масқатында Қазақстан-Ресей шекарасындағы шекаралық өткізу бекеттерін жаңғырту, туристік көліктік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру, бірлескен күш-жігермен Каспий теңізіндегі туризмді дамыту және ғарыштық туризмді дамытуға ықпал етуді ұсынды», - деп толықтырды сөзін ресми өкіл.

А. Смадияровтың айтуынша, форум аясында 35-ке жуық құжатқа қол қойылды, оның ішінде 3 үкіметаралық, 3 ведомствоаралық, 10 өңіраралық және 19 коммерциялық сипаттағы құжат бар.

Келесі Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы 2019 жылы Омбы қаласында өтеді.

Соңғы жаңалықтар