Петропавл: Есіл жағасында жүрген жасөспірім жардан құлап кетті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласында 14 жастағы жасөспірім Есіл жағасында қыдырып жүріп, жардан құлап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқыс оқиға 2 қазан күні кешкі сағат 21.00 шамасында болған. Жеңіс саябағында кезекшілікте жүрген патрульдік полицейлерге бір бала жүгіріп келіп, көмек сұраған. Ол жардан адамның құлап кеткенін айтқан. Полицейлер тез арада жеткенімен, дала қараңғы болғандықтан ештеңе көре алмайды.

«Болған жағдайды Жедел басқару орталығына хабарладық. Бізге көмекке жақын маңда жүрген автопатрульдер экипажы жетті. Тік жар болғандықтан баланы бірден табу мүмкін болмады», - дейді полиция старшинасы Айдарбек Кеншінбаев.

Тәртіп сақшылары Нұрлан Қоқабаев пен Қайыр Сыздықов тік жардан 30 метр төмен түсіп, қол шамның жарығымен құлаған жасөспірімді табады. Арқанның көмегімен оны жоғары шығарып, жедел жәрдем қызметкерлері балаға алғашқы медициналық көмек көрсетті. Жасөспірім ата-анасына тапсырылды.

Ол сол күні досы екеуі Есіл өзенінің жағасына қыдыруға шыққан. Алайда, қараңғыда тік жарды байқамай абайсызда құлап кетіпті. Жақын жерде кезекшілік етіп жүрген полицейлердің арқасында көмек тез арада жетті.

Бұған дейін маусымда патрульдік полиция қызметкерлері суға кете жаздаған балықшыны құтқарды.

Көктемде тәртіп сақшылары жардан құлаған қызды аман алып қалды.

«ІІМ тапсырмасы бойынша су қоймаларының маңында қызмет атқаратын патрульдік полицияның барлық экипаждары адамдарды құтқаруға арналған қажетті құралдармен жабдықталды. Осы жолы да адамды құтқаруда қуаты күшті қолшамдар мен арқанның көп көмегі тиді», - дейді полицейлер.

Соңғы жаңалықтар