Петропавл ботаникалық бағындағы жемістер мол өнім беріп жатыр
2022 жылғы 17 қаңтар 23:51

Петропавл ботаникалық бағындағы жемістер мол өнім беріп жатыр

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл ботаникалық бағындағы тропикалық жеміс ағаштары қыстың көзі қырауда мол өнім беріп, оранжерея қызметкерлері мен тамашалап келушілерді қуантып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ғасырдан астам тарихы бар ботаникалық бақ, әсіресе қыстың күні тұрғындардың сүйікті демалыс орнына айналады. Сары аяздан келген қонақтар мұнда жасыл аралға түскендей сезімде болады. 2 мыңға жуық, соның ішінде сирек кездесетін тропикалық өсімдігі бар оранжерея бүгінде гүлге көмкеріліп, жеміс ағаштары мол өнім беріп жатыр. Соның бірі – лимон ағаштары.

«Бұл пандероза лимоны, пампельмус пен лимонның гибриді. Сондай-ақ оны Канада немесе Куба лимоны деп те атайды. Біз, өзіміз, оны Куба лимоны деп атаймыз. Өйткені жеміс ағашын кезінде Кеңес делегациясы құрамында барған әкем Равиль Хасанұлына Фидель Кастроның інісі Рауль Кастро сыйға тартқан. Қазір бұл залда 10-12 лимон ағашы бар. Негізі бұл – карлик ағаштар. Ал табиғатта цитрус ағаштарының биіктігі 12 метрге дейін жетеді», - дейді ботаникалық бақтың директоры Артур Рязапов.

Лимон жемістерінің әрқайсысының салмағы 500-600 гр шамасында. Былтыр келіге дейін жеткен. Маманның айтуынша, бұл ағаштың ерекшелігі – ол жылына төрт рет жеміс береді, бір қызығы күзгі жемістері әдетте ірі болып келеді екен.

«Үнді елінде, Оңтүстік Қытайда, жалпы Азияның оңтүстік-шығыс елдерінде кең тараған жеміс ағашы. Қазір бақта мейера лимоны гүлдеп тұр. Мандариннің жартысы жеміс берсе, қалғаны енді гүлдеп жатыр. Анар түйін түюді бастады. Інжір, папайя, мурайя ағаштары бар. «Алтын» мандариннен биыл да мол өнім аламыз деп ойлаймын», - дейді Артур Рязапов.



Jańalyqtar

MURAǴAT