Петропавл әуежайы талапқа сай болмайынша қызмет көрсетпейді - ҚР ИДМ ААК

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Петропавл қаласының әуежайы сертификат талаптарына сәйкестігін тексеру барысында анықталған бұзушылықтарды толығымен жоймайынша рейстер қабылдамайды және жібермейді. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрлігін Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Серік Мықтыбаев айтты.

«Петропавл қаласының халықаралық әуежайы» АҚ әуежайы сертификатының қолданылу мерзімі аяқталуына байланысты 2015 жылғы 18-20 шілдеде Азаматтық авиация комитеті Петропавл қаласының әуежайының сертификат талаптарына сәйкестігін тексерді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 қаңтардағы № 156 қаулысымен бекітілген Азаматтық авиация әуежайларының пайдалануға жарамдылығы нормаларының талаптарына сәйкес сертификаттық тексеру нәтижесі бойынша бірқатар бұзушылық анықталды, олардың ішінде әуежайды пайдалану кезінде қауіпсіз ұшуға әсер ететін екі елеулі бұзушылық бар. Біріншісі, өрт қауіпсіздігі талаптарының нормаларға сәйкес келмеуі. Екіншісі, жанар-жағармай материалдарын сақтау қағидалары нормаларына сәйкес болмауы», - деп атап өтті ол.

С. Мықтыбаевтың айтуынша, осыған байланысты Комиссия Петропавл қаласының әуежайына көрсетілген бұзушылықтар жойылғанға дейін жарамдылық сертификатын беруден бас тарту туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, аталмыш әуежай сертификаты жарамды кезде аптасына 4 рет Астана-Петропавл-Астана және аптасына 2 рет Алматы-Петропавл-Алматы бағыттары бойынша рейстер қабылдаған. Осы рейстерді «Скат» әуекомпаниясы АН-24 әуе кемесімен жүзеге асырып келген.

«Әзірге ешқандай ұшақтар ұшырылып жатқан жоқ. Қазіргі уақытта «Скат» әуекомпаниясы жолаушыларға ұшудың басқа жолдарын немесе сатып алынып қойған билеттердің ақшасын қайтару шараларын қарастыруда», - дейді С. Мықтыбаев.

Оның айтуынша, былтырғы тексеріс кезінде де талапқа сай емес тұстар табылған, алайда олар дер кезінде түзетіліпті. Тағы бір айта кетерлігі, биыл аталған әуежайға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 6 млрд. теңге бөлініп отыр.

«Әуежайдың ұшу алаңы мен перронын түбегейлі жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл рейстерді едәуір қауіпсіз етеді. Биыл жөндеу жұмыстары басталады», - деді төраға орынбасары.

Соңғы жаңалықтар