Петропавл әуежайы сатылымға шығарылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл халықаралық әуежайы сатылымға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тендер талабына сәйкес Петропавл әуежайы сенімгерлік басқаруға 3 жылға беріледі. Нысанды алған инвестор 10 жыл бойы әуежай бейінін өзгертпей, тиісті талаптарды орындап, қауіпсіздікті қамтамасыз етуі қажет. Осы аралықта кәсіпкер 1,5 млрд теңге қаржы құйып, атқарылған жұмыс жайында әр жылдың басында есеп беруі тиіс.

Халықаралық әуежайдың мүлкі 5,6 млрд теңгеге бағаланды. Аукцион 31 наурызға жоспарланған және сауда-саттыққа бір ғана инвестор қатысса да ол өткен болып есептеледі.

«Мемлекеттік меншік нысаны бәсекеге қабілетті болып, қызметтердің сапасын дамытып, жақсартуы үшін инвесторға сенімгерлік басқаруға беру тиімді тетіктердің бірі болып есептеледі. Әуежай министрліктер ведомствосында болғанда мемлекеттік басқару тәжірибесінен өтті. Алайда, бұл механизм кәсіпорынды дамытуға, ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыруға, тар мамандықтағы қызметкерлер үшін тиісті жағдайларды жасауға мүмкіндік бермеді. Бәсекеге қабілетті, қаржылай тұрақты, дамушы әуежайлар жеке компаниялардың сенімгерлік басқаруына өткен немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестікте. Біз талдау жүргіздік. Өткен жылдың қараша-желтоқсан айларында аптасына 10 рет Нұр-Сұлтан қаласына, екі рет Түркістанға және үш рет Алматыға рейстер шығару әуежайдың жүктемесін арттырды. Алайда, алынған табыс тіпті жұмысшылардың еңбекақы қорын қамтамасыз ете алмады. Қазір рейстерді субсидиялау әуежайдың үзіліссіз жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп тұр. Мемлекеттік орган әуежайдың еңбекақы, коммуналдық қызметтер, қызметкерлерді сертификаттау және оқыту сияқты ағымдағы шығындарын қаржыландыра алмайды», - дейді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхмет.

Маманның айтуынша, Петропавл халықаралық әуежайынан Нұр-Сұлтан, Алматы, Түркістан және Шымкент қалаларына субсидияланған рейстер штаттық режимде жүзеге асырылады.


Соңғы жаңалықтар