Петропавл әуежайы қайтадан сатылымға шығарылды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл халықаралық әуежайына сатып алушы табылмай жатыр. Маңызды нысан екінші рет аукционға қойылды. Бұл жолы бағасы екі есе арзандаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл халықаралық әуежайының сатылымға шығарылғаны жөнінде ақпарат электронды сауда алаңында пайда болды.

Бұған дейін нысанның мүлкі 5,6 млрд теңгеге бағаланған еді.

Екі ай бойы сатылмаған әуежайдың бұл жолғы бағасы – 2,8 млрд теңге. Сауда-саттыққа бір ғана инвестор қатысса да ол өткен болып есептеледі.

Нысанды алған инвестор 10 жыл бойы әуежай бейінін өзгертпей, тиісті талаптарды орындап, жолаушылардың және өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз етуі қажет.

Осы аралықта кәсіпкер 1,5 млрд теңге қаржы құйып, атқарылған жұмыс жайында әр жылдың басында есеп беруі тиіс.

Аукцион 12 мамыр күні өтеді.

СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхметтің айтуынша, қазіргі уақытта Петропавлдан күнделікті Нұр-Сұлтан қаласына және аптаның бес күні Алматы қаласына субсидияланған бағыттар бар.

Ал Түркістан мен Шымкент қалаларына тілек білдірушілердің болмауына қатысты конкурс өтпеді.


Соңғы жаңалықтар