Петропавл әкімдігіне қарасты кәсіпорын СҚО кәсіпкерлеріне 1 млрд теңгеге жуық қарыз

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қалалық әкімдігінің «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны екі жылға жуық атқарылған жұмыстар үшін кәсіпкерлерге ақшаларын бермей келеді Жалпы қарыз 1 млрд теңгеге жуықтаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері Петропавл қалалық әкімдік жанындағы «Коммунхоз» кәсіпорнынан қарызын қайтара алмай жүр.

2021 жылы олар мердігер ұйыммен коммуналдық жұмыстарды атқаруға келісімге отырған.

Олар өз міндетін толық орындаған, бұған атқарылған жұмыстардық қабылданып алынған жөніндегі құжаттар дәлел.

Алайда коммуналдық мекеме 27 кәсіпкерге қордаланған қарыз – 1 млрд жуық теңгені төлеуге асығар емес.

Бүгін тығырыққа тірелген 18 кәсіпкер Мемлекет басшысына үндеу жасап, көмек сұрады.

Өйткені сот олардың арызын қанағаттандырғанымен нәтиже болмаған. «Коммунхоздың» шоттары бұғаттаулы, берешекті қайтаратын ақшалары жоқ.

«Гайсина» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Тамара Гайсинаның айтуынша, екі жыл бұрын кәсіпкер конкурсты ұтып алып, жағажайға 100 көшет отырғызған.

Бір жыл бойы оны күтіп-баптаған. Сол еңбекақысын әлі ала алмай жүр.

«Жұмысты қалалық әкімдік пен «Коммунхоз» кәсіпорны қабылдады. Келісімшарт бойынша тапсырыс беруші 65 млн теңге төлеуі керек еді. Ақы қолға толық тимеді. Сотқа бердік, нәтиже жоқ», - дейді Тамара Гайсина.

«Барар жері, басар тауы» қалмаған кәсіпкерлер Президенттен мәселені шешіп беруді сұрады.

Өйткені, олар жұмысшыларына еңбекақы төлей алмай жатыр, көпшілігінің несиесі бар, қарыздың салдарынан салық, әлеуметтік төлемдер, коммуналдық қызмет бойынша берешек пайда болған.

Көпшілігі банкроттықтың аз-ақ алдында тұр.

«Ол қаржыны төлеу үшін «Коммунхоз» коммуналдық мекемесі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімін сотқа беруі керек. Соттың шешімі болса, бюджетте қаржы бар. Сол ақша бөлініп, «Коммунхозға» төленіп, барлық қарыз жабылады», - дейді мәселе бойынша түсінік берген Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.


Соңғы жаңалықтар