Петропавл әкімдігі өз балансындағы пәтерлерге қатысты түсінік берді

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізген тексерістің қорытындысына түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін СҚО-ның сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Сергей Перов Петропавл әкімдігінің балансында тұрған, бірақ заңсыз жалға берілген 1,5 мың пәтер туралы айтқан еді.

Петропавл әкімінің орынбасары Асқар Хабибулиннің айтуынша, Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөліміне тексеріс былтыр шілде айында жүргізілген.

«Тексеріс кезінде әкімдік өз тарапынан құжаттарды толық көрсетпеген. Бұл ақпаратты беруі тиіс қызметші осы әрекеті үшін жұмыстан шығарылды.

Бұған дейін айтылған фактілерге тоқталсам, Петропавлда 70 адам кезексіз пәтер алды деген ақпараттың бізге қатысы жоқ, бұл – облыстың аудандарында тіркелген факті.

Тұрғын үй комиссиясының жұмысына қатысты айтар болсам, адамдар көшеді, белгілі бір мекенжайға тіркелгенімен, ол үйде тұрмайды, яғни қоныс аударғанда өздері жайлы дұрыс ақпаратты қалдырмайды. Салдарынан ол адамдарды табуға уақыт керек», - дейді қала әкімінің орынбасары.

Яғни, әкімдік баспана кезегі келген тұрғындарды іздеп-таба алмағандықтан уақытында баспана кілтін бермеген.

«Баланстағы 1,5 мың пәтерде адамдар тұрғын үй заңнамасына сай тұрып жатыр. Бірақ, тексеріс кезінде әкімдік ол баспаналарға тиесілі құжаттарды көрсетпеген. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынысымен түгендеу жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін тұрғындар заңсыз тұрып жатқан 3 баспана анықталды. Ол пәтерлер субарендаға берілген. Қазір келісімшарттар қайта қаралып, бұл пәтерлер қайтарылады. Тұрғын үй комиссиясында бұл мәселе қаралады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен қазіргі уақытта кешенді іс-шаралар жоспары құрылды. Бұл алда осындай заңбұзушылықтарға жол бермеу үшін қолға алынды», - деді Асқар Хабибулин.


Соңғы жаңалықтар