Petrofac «Ембімұнайгаз» АҚ кен орындарына бағалау жүргізеді

None
None
АСТАНА. 1 шілде. ҚазАқпарат - «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» Акционерлік қоғамы «Petrofac Limited» компаниясымен Өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметінен хабарланды.

Меморандум тараптарға «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясының 100 пайыз еншілес кәсіпорны болып табылатын «Ембімұнайгаз» АҚ ескі кен орындарында мұнай өндіруді арттырудың және өндірістің тиімділігін жақсартудың мүмкіндіктерін зерттеуге мүмкіндік береді.

Меморандум шарттарына сәйкес, Petrofac компаниясы «Ембімұнайгаз» АҚ кен орындарына бағалау жүргізуге және қабаттардың мұнай беруін көтеруге келісімшарттарды бекіту мүмкіндігі мақсатында ЕМГ кейбір кен орындарында ұзақмерзімді игеру және өндіруді жақсарту жөнінде ұсыныс дайындауға ниетті.
«ҚМГ БӨ» компаниясының Бас директоры Абат Нұрсейітовтың айтуынша, компанияның негізгі міндеті - бұл шоғырланған өндіру көлемін ұлғайту, сондай-ақ негізгі активтерде көмірсутегі қорын өсіру және толықтыру. «Біз осы міндеттерді шешу аясында Petrofac компаниясымен ынтымақтастық өндірісті оңтайландыруды іске асыруға және «Ембімұнайгаз» көнерген кен орындарында мұнай өндіруді көтеруге мүмкіндік береді деген үміттеміз», - дейді ол.

Petrofac Integrated Energy Services Бас директоры Энди Инглис меморандумның ұзақмерзімді ынтымақтастыққа ұласатынына сенімді. «Бұл біз үшін стратегиялық маңызды өңірдегі олардың ескірген кен орындарында өндіру көлемін арттыруға бағытталған шараларды басқару және техникалық қолдаумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - дейді ол.

Қазақстанда Petrofac-тің инженерлік, құрылыс, эксплуатация және техникалық қызмет көрсету бойынша құрылымдық бөлімшелері он жылдан бері жұмыс істейді және елдегі бірқатар жобаларды табысты іске асырып отыр.

Соңғы жаңалықтар