Петиция жазуға қандай тақырыптар бойынша тыйым салынбақ

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Петиция туралы қабылданатын жаңа заңда 16 тақырыпқа тыйым салынады. Яғни ол тақырыптар бойынша қол жинап, петиция жазуға болмайды. Толығырақ Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин түсіндіріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Петиция жазуға шектеу қойылған тақырыптардың дені ұлттық қауіпсіздікке қатысты. Мысалы, шекара мәселесі, аумақтық тұтастық бойынша немесе мемлекеттік тілге байланысты болуы мүмкін. Ертеңгі күні кейбір азаматтар осы тұсты пайдаланып, елдегі саяси жағдайды бұзып, сепаратистік қозғалыстарды ұйымдастыруы ықтимал. Сондықтан геосаяси мәселелер мен төтенше жағдайлар бойынша бірқатар шектеу енгіздік. Айтар болсақ, қаңтар оқиғасы сияқты кенеттен елде қандай да бір жағдай болса, кейбір азаматтар петиция арқылы төтенше жағдай режимін алып тастауды талап етуі мүмкін», - деді Еділ Жаңбыршин «Аmanat» партиясы алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Мәжіліс депутатының айтуынша, ұлт қауіпсіздігіне қатысты мәселені петиция арқылы шешу мүмкін емес. Оның мәліметінше, петиция туралы заң қазір Сенаттың қарауында.

«Жалпы заңға өзгеріс енгізу оңай емес. Тыйым салынған тақырыптардың аясын кеңейту алдымен талқыға түседі. Депуттар көрінген норманы өткізбейді. Ондай мәселе туындаған жағдайда жұмыс тобы құрылып, депутаттар, қоғам белсенділері, сала мамандарының қатысуымен талқыланады. Егер қоғам қарсы болса, онда заңға өзгерістер енгізілмейді. Өздеріңіз білесіздер, кейбір резонанс тудырған заң жобалары Сенат, Президент алдынан қайтарылып жатады», - дейді халық қалаулысы.


Соңғы жаңалықтар