Петиция меморганда қаралуы үшін халықтан қанша дауыс жиналуы тиіс

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Jibek Joly телеарнасының Мәжілістегі мобильді студиясында берген сұхбатында петиция жасаудың талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Егер ел көлеміндегі ауқымды мәселе болса, онда петиция шығару үшін кем дегенде 50 мың дауыс жиналуы керек. Облыстық деңгейдегі проблема болса, онда сол өңір халқының 2% дауысы болуы тиіс. Ал тек облыс әкімдігіне қатысты мәселе туындаса ол жағдайда өңір тұрғындарының 1% дауысы талап етіледі», - деді Ерлан Сайыров сұхбат барысында.

Оның айтуынша, тиісті дауыс жинаған петицияны мемлекеттік құзырлы органдар қарайды.

«Егер петиция шығаруға дауыс жетпеген жағдайда, аталған мәселе халықтың өтініші ретінде құзырлы органдармен міндетті түрде қаралып, оған нақты жауап берілуі тиіс. Петиция электронды және қағаз түрінде қабылданады. Еліміздің көптеген ауылында интернет қолжетімсіз, оның жасыратыны жоқ. Петицияны тек электронды түрде қабылдаса, интернет жоқ елдімекен тұрғындарының оған қатыса алмау қаупі бар, сондықтан қағаз түрінде беруге рұқсат», - дейді ол.

Бұған дейін Ерлан Сайыров қоғамдық бақылау туралы заңға қатысты депутаттық ойын айтып, заңның кейбір тұстарын түсіндіріп өткен еді.


Соңғы жаңалықтар