Петарда жарылуынан зардап шеккен 3 алматылық ауруханада жатыр

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Пиротехникалық өнімдерден зардап шеккен алматылықтардың жағдайы туралы дәрігерлер айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігерлердің айтуынша, алматылықтар мейрамды тойлағанда қауіпсіздік шараларына баса мән бере бастаған. Бұл туралы статистика деректері көрсетіп отыр.

Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Исабековтың айтуынша, биыл жаңа жыл түнінде дәрігер шақырушылардың саны азайған.

Егер 2016-2017 жылдары 37-38 адам дәрігер шақырса, биыл 30 желтоқсан мен 2 қаңтар аралығында 24 адам дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

24 адамның ішінде 3 адам ауруханаға жатқызылды.

«Оның ішінде көз алмасы 3-4 дәрежелі контузия алған бір ересек адам Орталық клиникалық ауруханаға жатқызылды.  Сонымен қатар, бір бала -көзінің нұрлы қабығының күйігімен, екіншісі қолын күйік шалып Шұғыл медициналық жәрдем көрсету  орталығына түсті.

Қалған жеңіл дәрежедегі күйік шалған немесе басқа да жарақат алған 21 адам үйіне жіберілді», - деді Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Исабеков.

Маманның айтуынша, өткен жылдары петардалардың жарылуынан зардап шеккен адамдардың жарақаты тереңірек болатын. Көпшілігінің дене мүшелері жұлынып, көз алмасы терең зардап шеккен болатын.

Сонымен қатар, Жаңа жыл түнінде ішімдіктен немесе астан уланған деректер тіркелмеген.

Соңғы жаңалықтар