Песков: Путин Украинамен келіссөз жүргізу үшін Минскіге делегация жіберуге дайын

None
None
МӘСКЕУ. ТАСС-ҚазАқпарат – Ресей президенті Владимир Путин Украинамен келіссөз жүргізу үшін Минскіге Ресей Федерациясынан делегация жіберуге дайын. Бұл туралы тілшілерге РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Владимир Путин Украина президенті Владимир Зеленскийдің ұсынысына жауап ретінде украиналық тараппен келіссөз жүргізу үшін Минскіге Қорғаныс министрлігі, Сыртқы істер министрлігі және президент әкімшілігі өкілдерінен құралған ресейлік делегацияны жіберуге дайын», - деді ол.

Кремль өкілінің айтуынша, Беларусь президенті Александр Лукашенко Путинге Минск Ресей мен Украина арасындағы келіссөз жүргізу процесі үшін барлық қажетті жағдай жасауға дайын екеніне сендірді, деп хабарлайды ТАСС.

Укринформ бұған дейін хабарлағандай, Украина президенті Владимир Зеленский Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинді келіссөз үстеліне отыруға шақырды. Ол тиісті үндеуін жұма күні сөйлеген сөзінде жасады.

«Мен Ресей Федерациясының Президентіне тағы да сөз арнаймын. Бүкіл Украинада шайқас жүріп жатыр. Адамдар өлімін тоқтату үшін келіссөз үстеліне отырайық», - деді Зеленский.

Еске сала кетейік, Ресей президенті Владимир Путин бейсенбі күні таңертең Украинада арнайы әскери операция жүргізу туралы шешім қабылдағанын айтты.

Украина президенті Владимир Зеленский ел халқына үндеу жариялап, Украина аумағында әскери жағдай режимін енгізді.

Айта кетейік, Қазақстан Украинадан ел азаматтарын эвакуациялап жатыр.



Соңғы жаңалықтар