Перзентхана дәрігерлері болған оқиғаға қарамастан жұмысын жалғастыруы тиіс - депутат

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Бүгін Атыраудағы екі қызметкері сәби өліміне қатысы бар деп күдікке ілінген перинаталдық орталыққа Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Парламент Мәжілісінің депутаттары бастаған үкіметтік делегация келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі болып жатқан жағдай ұжымға залалын тигізуде. Аздаған қорқыныш көріп тұрмыз. Неліктен? Себебі қазіргі таңда кез келген дәрігер әр істеген ісі үшін жазаланамын деп қорқады. Сондықтан әр кезекшілік - сынақ. Жылдам шешім қабылдау керек. Ота жасау немесе жасамау туралы мәселені көтеру керек. Яғни, бұл шұғыл жағдай, кешеуілдетуге болмайды. Ал дәрігер тәуекелге бармай дәрігер бола алмайды», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова Атырау перинаталдық орталығының дәрігерлерімен әңгімелескеннен кейін.

Сондай-ақ, депутат 31 қызметкердің өз еркімен жұмыстан кеткісі келгені үлкен үрей туғызатынын атап өтті.

«Еліміздің денсаудық сақтау саласындағы кадрлық саясат көңілге қонымсыз. Акушер-гинекологтар, неонатологтар, реаниматологтар жұмыстан шығып жатыр. Бұлар – перзентханадағы аса қажет мамандар. Мұндай мамандар жетіспейді», - дейді Зәуреш Аманжолова.

Ол ана атануға дайындалып жүрген келіншектер перзентханаға қалай келіп жүргенін көргенін айтты. Олармен әңгіме өрбітті. Жүкті әйелдердің басым көпшілігі дәрігерлерге сенеді, олардың кәсібилігіне күмән келтірмейді.

«Сондықтан перинаталдық орталық дәрігерлері болған оқиғаға қарамастан жұмысын жалғастыра беруі керек. Әйелдердің ана атануына көмектесіп, бар жиған білімі мен тәжірибесін бөлісуі керек», - дейді Зәуреш Аманжолова.

Еске салайық, өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жаңа туған сәбидің өліміне, сондай-ақ, жемқорлық қылмыстар бойынша күдікті Атырау облыстық перзентханасының бас дәрігеріне қатысты істің мән-жайын баяндады.

Сенбі күні Атырау облысына ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі бастаған республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары келді. Олар облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне көмек көрсетеді.

Ал дүйсенбіде перинаталдық орталықтың 31 қызметкері жұмыстан кету туралы өтініш жазғаны белгілі болды. Одан кейін Атырау перинаталдық орталығының жұмыстан кету туралы өтініш жазған қызметкерлері Президентке хат жолдады.

Соңғы жаңалықтар