Перудегі төңкеріс: саяси дағдарыстың себебі мен болашаққа болжам

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы жылдары Перуде саяси тұрақсыздық белең алып отыр. 2016 жылдан бері алты мемлекет басшысы ауысқан, соның ішінде 2020 жылы елде небәрі бес күннің ішінде үш президент билікке отырып үлгерді. Қазіргі таңдағы ахуал да мәз емес. Халықаралық сарапшылар елде мерзімінен бұрын сайлау өткізілмесе, Перудің дағдарыстан шығуы қиынға соғатынын айтып отыр. 15 қаңтардан бастап Перудің бірқатар аймағында бір айға төтенше жағдай режимі енгізілді.

Республикадағы 7 желтоқсанда басталған наразылықтар қайта күшейіп, қаза тапқан азаматтар саны артуда. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қазірдің өзінде 49 адам қайтыс болған. Елдегі жағдай мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған экс-президент Педро Кастильоның қамауға алынуынан кейін ушыға түсті. Оның жақтастары елдің жаңа басшысы Дина Болуартенің отставкаға кетуін және мерзімінен бұрын сайлау өткізуді талап етіп отыр. Перудегі қазіргі ахуал туралы Қазақпарат сарапшысының материалында.

Перуде саяси тұрақсыздық күшейіп келеді

Перу –Оңтүстік Америкадағы Бразилия мен Аргентинадан кейінгі территориясы жөнінен үшінші ірі мемлекет. Ол Эквадор, Колумбия, Бразилия, Боливия және Чили сынды елдермен шектеседі. Халқының саны 32 млн-нан асады. Астанасы - Лима қаласы. Перу мыс өндіру бойынша дүние жүзінде екінші орында болғанымен, 32 млн халықтың басым бөлігі – кедей. Десе де соңғы жылдары қаржылық жағдайы тұрақталып, экономикасы айтарлықтай дамып келеді. Өткен жылы Перу Оңтүстік Америка мен Кариб теңізі аймағындағы экономикасы ең тұрақты елдер рейтингісінде Чилиді бірінші орыннан ығыстырып, алғашқы қатардан көрінді. Алайда Перу экономикасы жақсарғанымен, бұл ел саяси тұрақтылық рейтингісінде небәрі 17,71 ұпай жинаған. Өйткені соңғы жылдары елде тұрақсыздық күшейіп, саяси дағдарыс белең алып барады. 2020 жылы елде небәрі бес күннің ішінде үш президент ауысты, ал 2016 жылдан бері алты мемлекет басшысы елдегі ең жоғары лауазымды атқарып үлгерді. Осыдан-ақ, саясаттағы дағдарыс деңгейі қаншалықты терең екенін байқауға болады. Ал өткен жылдың аяғынан бастап Перудегі наразылық тіптен күшейіп, 50-ге жуық адамның мерт болуына әкеліп соқты. Сонымен қоса 1000-нан астам азамат жарақат алған.

Фото: Rodrigo Abd/Associated Press

Перудегі наразылыққа не себеп болды?

Былтыр жылдың аяғында сол кездегі ел президенті Педро Кастильо теледидардан үндеу жасап, Перуде төтенше жағдай жариялағаннан кейін жағдай ушыға бастады. Еске салайық, ол 2021 жылдың маусымында Перудің президенті болып сайланған еді.

Фото: Getty Images

Перу парламенті Кастильоны биліктен шеттету үшін оған импичмент жарияламақ болған еді. Алайда президент өткен жылдың 7 желтоқсанында теледидардан сөйлеген сөзінде өзі парламентті тарататынын айтты. Содан соң Перу үкіметінің бірнеше министрі бірден отставкаға кетті, ал Конституциялық соттың басшысы президентті төңкеріс жасауға әрекеттенді деп айыптады.

Конгресс депутаттары шұғыл жиналыс жасап, президентке импичмент жариялады. 130 депутаттың 101-і қолдап, дауыс берді. Сөйтіп, уақытша президент ретінде парламент Перудің вице-президенті Дина Болуартені тағайындап, ол ант беріп те үлгерген еді.

Фото: Reuters

Осылайша, биліктен тайдырылған Кастильо қамауға алынды. Жоғарғы сот алқасы оған бүлік ұйымдастырды және қастандық жасады деген айып тағып, 18 айға тұтқындады. Алайда Кастильо тағылған айыппен келіспей, өзі елдің заңды президенті болып қала беретінін мәлімдеді.

Көтеріліске шыққандардардың талаптары қандай?

Перу халқы өткен жылдың 7 желтоқсанынан бері наразылық шерулеріне шығып жатыр. Алайда өткен аптадан бастап ахуал ушыға түсті. Бүгінде 1 айдан астам уақыт ішінде 50-ге жуық адам қаза тапты.

Фото: Reuters

Кастильоның жақтастары оның президенттіктен кетуіне оппозициялық саяси элита, әскер мен полицияны кінәлап отыр. Шерушілер Дина Болуартенің отставкаға кетуін, Конгресті таратуды және құрылтай жиналысын құруды талап етуде.

Наразы топтың басты талабы - жаңа жалпыхалықтық сайлау өткізу. Ал Перудің қазіргі президенті Дина Болуарте 2024 жылдың сәуір айында елде мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы заң жобасын парламентке жібергенін айтты. Депутаттар да бұл ұсыныспен келісті. Енді 2024 жылдың көктемінде президент сайлауы өтпекші. Бұған дейін елдегі президент сайлауы 2026 жылға жоспарланған еді.

Фото: Getty Images

Сонымен қоса көтеріліске шыққандардың басым бөлігі, соның ішінде елдің кедей аудандарының тұрғындары Болуартенің отставкасын талап етіп жатыр. Сондай-ақ олар Кастильоны босатып, полицияға тергеу жүргізу қажеттігін де алға тартып отыр.

Фото: Getty Images

Ал Болуарте болса, елдің қауіпсіздік күштері билігін асыра пайдалануы мүмкін деп, соған қатысты сот тергеуін жүргізу керек деп атап өтті. Құқық қорғаушылар да қауіпсіздік күштерін наразылыққа шыққандарды тікұшақтардан атып, сонымен қоса көзден жас ағызатын газ қолданды деп айыптап отыр. Ал әскер өз кезегінде шерушілер қару-жарақ пен қолдан жасалған жарылғыш заттарды қолданғанын алға тартуда.

Фото: Getty Images

Елде төтенше жағдай енгізілді

Перудегі наразылық акцияларының күшеюіне байланысты 15 қаңтарда төтенше жағдай енгізілді, ол 30 күнге созылатын болады.

«2023 жылдың 15 қаңтарынан бастап 30 күнтізбелік күн мерзімге Перудің бірқатар аймағында төтенше жағдай жариялансын»,-делінген Үкімет қаулысында.

Полиция қарулы күштердің қолдауымен елдегі тәртіпті бақылауды қамтамасыз етеді. Перу президенті Дина Болуарте бұған дейін елдегі жағдайға байланысты халыққа үндеу жасап, наразылық білдірушілердің өлімі үшін кешірім сұраған болатын.

Фото: Getty Images

Алайда Перудің Бас прокуратурасы наразылық салдарынан адамдардың мерт болуына байланысты қазіргі президент Дина Болуартеге қатысты «геноцид» туралы іс қозғады. Сондай-ақ елдің премьер-министрі, ішкі істер министрі қорғаныс министріне қатысты да тергеу басталып кетті.

Халықаралық реакция қандай?

Өткен сәрсенбіде Адам құқықтары жөніндегі Америкааралық комиссия Перудегі дағдарыстың ушығып бара жатқанын айтып, қазіргі ел президенті Болуартемен кездесті. «Біз адам құқықтарына қатысты жағдайды тексереміз. Барлық пікірді тыңдап, содан қорытынды шығарамыз», - деді аталған комиссия өкілі Эдгар Стюардо Ралон.

Фото: Getty Images

Елдегі наразылық күшейіп, зорлық-зомбылық белең алғаннан кейін Ұлыбританияның Перудегі елшісі және басқа да халықаралық ұйым өкілдері Перудің қауіпсіздік күштерін адам құқықтарын құрметтеуге шақыратын мәлімдемелер жасады.

Америка Құрама Штаттары бірнеше рет Болуарте үкіметін қолдайтынын білдірді және өткен аптада есірткіге қарсы күрес шараларын қолдау үшін Перуге 8 миллион доллар қаржы бөлетінін жариялады. АҚШ-тың Перудегі елшісі Лиза Кенна Туиттердегі жазбасында бұл жағдайды дереу шешіп, адам өлімін болдырмау шараларын қолға алу керек екенін жазды.

Фото: sovross.ru

«Перудегі тұрақсыздық әлі бірнеше айға созылады»

Санкт-Петербург мемлекеттік университеті халықаралық қатынастар теориясы мен тарихы кафедрасының профессоры, «Латын Америкасы» журналының бас редакторы Виктор Хейвец БАҚ беттерінде жарияланған пікірінде Перудегі дағдарыс әлі бернеше айға созылатынын айтады. Оның сөзінше, елді жайлаған наразылықтар аяқтала салысымен, елдің парламенті Дина Болуартені сынайтын болады.

«Перудегі наразылықтар күшейіп кетті, салдарынан ондаған адам қаза тапты. Олар бастапқыда 2026 жылы жоспарланған сайлауды 2024 жылға ауыстыруға мәжбүр етті. Бұл наразылықтардың не ұйымдастырушысы жоқ, не болмаса, артында саяси күш жоқ. Олардың әлсіздігі де – осы. Билік наразылық шерулері қашан бітеді деп күтуде. Наразылықтар бір аптаға немесе бірнеше айға созылуы мүмкін»,-деді ол сұхбатында.

Фото: Getty Images

Сарапшының айтуынша, Перуде кімнің президент екені маңызды емес. Жалпы ондағы парламент пен президент арасындағы қарым-қатынас өте нашар, байланыс дұрыс жолға қойылмаған. «Алдағы бірнеше ай Перу үшін тұрақсыз болмақ»,-деп түйіндеді ол.

Жалпы Оңтүстік Америка елдеріндегі саяси дағдарыс барған сайын күш алып бара жатыр. Өткен аптаның басында Бризилиядағы президент сайлауынан кейінгі ахуалдың ушығып, бақылаудан шыққанын жазған болатынбыз. Аймақтағы саяси тұрақсыздық пен дағдарыстың қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Өйткені күн өткен сайын күшеймесе, саябырситын түрі жоқ.

Фото:AFP/Scanpix


Басты фото: aussiedlerbote.de


Соңғы жаңалықтар