Перинаталды орталық директоры: Жарық дүние есігін жылап ашқан нәрестенің үні ең ерекше сәт

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Медицина қызметкерлері күніне орай ҚазАқпарат тілшісіне Семей қаласындағы Перинаталды орталық директорымен сұхбаттасудың сәті түсті.

Архат Дайырбеков атқарылып жатқан жұмыстар мен медицина қызметкерлерінің тыныс-тіршілігі жайлы айтып берді.

- Өңірімізде медицина саласына көп көңіл бөлініп, ауқымды қаражат жұмылдырылып жатқандығы белгілі. Семей шаһары үшін бұл тұрғыда соңғы жылдары айтарлықтай өзгерістер болды ма ?

- Әлбетте. 2015 жыл Семейдегі перзентханалар үшін үлкен өзгеріс әкелді. Үш перзентхана Перинаталды орталыққа біріктірілді. Жаңа заманауи жабдықтар алынды. Содан бері осы уақытқа дейін орталықта 48 563 сәбидің кіндігі кесілді. Біз МӘМС шеңберінде жүкті әйелдерге, босанғандарға және жаңа туған нәрестелерге тәулік бойы мамандандырылған стационарлық көмек көрсетудеміз. Сарапшылардың жүргізген мониторингі мен талдауы бойынша міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгелі бері медициналық көмек көрсету деңгейі едәуір жоғарылап, қызметкерлердің жалақысы өскен. Сондай-ақ қажетті жабдықтар сатып алу деңгейі де айтарлықтай артты.

- Орталық ұжымының жұмысы жайлы айтып өтсеңіз...

- Әрбір медициналық мекеме қызметкері бір үйдің баласындай жұмыла әрекет етуі тиіс. Ұжымды басқару оңай шаруа емес, бұл үлкен жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті қажет етеді. Біздің ақ халаттылар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, жемісті еңбек етуде. Күнделікті, аса ауыр жұмыста төккен терлері пациент аман-есен босанғанда бір-ақ ақталады. Жарық дүние есігін жылап ашқан нәрестенің үні ең ерекше сәт. Сол кезде медицина қызметкерлерінің арқасынан бір жүк түсіп, көңілдерін қуаныш кернейді. Бізде бір пациент болғанымен, екі адамның өмірі тұр. Демек, әріптестерім күн сайын адам денсаулығын күзетуде. Осы ретте, акушерлердің алар орны өзгеше. Олар ең маңызды оқиға – жаңа ел азаматының дүниеге келуіне сеп болады. Әйелдің бауыр еті баласын қолына алуы ең бақытты, еш ұмытылмас сәттер.

- Алдағы уақытта қандай жоспарларыңыз бар ?

- Перинаталды орталық базасында «Катамнез және оңалту» орталығы ашылса дейміз. Себебі жыл сайын осындай мекеменің жоқтығынан мамандарымыз түрлі қиындықтарға тап болуда. Егер орталық ашылса шала туған нәрестелерге медициналық-әлеуметтік оңалту толықтай жүзеге асырылып, олардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету арқылы кейінге қалдырылған перинаталды патология зардаптарының ауырлығы төмендетіледі. Осыған орай тиісті хат дайындап, медициналық сақтандыру қорына жолдадық.


- Медицина қызметкерлері күніне орай әріптестеріңізге айтар тілегіңіз қандай ?

- Барлық әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Технология қаншалықты дамыса да, ең бастысы дәрігердің біліктілігі болып қала бермек. Сіздерге мықты денсаулық, игі істеріңізге сәттілік, отбасыларыңызға береке тілеймін. Ел қамы үшін еңбек ете беріңіздер!

- Әңгімеңізге көп рахмет!


Соңғы жаңалықтар