Пенжімде селден зардап шеккен отбасының әр мүшесіне 30 мың теңгеден берілді

None
None
ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат - Болат Өтемұратов қорының демеушілігімен бірлесіп «Қызыл ай» қоғамдық ұйымы 3 маусым күнгі су тасқынынан зардап шеккен 176 отбасының әр мүшесіне 30 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған қоғамдық ұйымның қаржы директоры Мақсат Әлдишевтің айтуынша қаражат арнайы жасалған банк карталарына толықтай аударылған.

«Тұрғындар үш айдың ішінде кез келген уақытта ақшаларын ала алады. Біз әрбір отбасының жағдайымен жеке-жеке танысып, жанұя мүшелерінің құжаттарын толықтай түгендедік. Нәтижесінде 176 отбасының 936 мүшесінің барлығына көмектестік», - деді М. Әлдишев.

Бір отбасында 12 адам бар Керембековтар әулеті де осы көмек алғандардың қатарында. Айтып келмейтін апатта ел болып қол ұшын созып жатқанқан қайырымды жандарға дән риза.

«Қазір барлығы қалпына келді. Басымыз аман, қазан-ошағымыз бүтін», - дейді үй иесі.

Панфилов ауданы әкімдігінің мәліметінше, бүгінгі таңда үйлеріне су кірген 31 үйге 15 миллион теңге көлемінде шығын есептеліп, бюджеттен қарастырылуда. Аулаларына су кірген отбасыларға қажетіне қарай жергілікті кәсіпкерлер құрылыс материалдарын беріп көмектесіп жатыр.

Еске сала кетсек, 3 маусым күні кешкісін Пенжім ауылында ауа температурасының көтерілуі мен жауын-шашын салдарынан сел жүрген болатын. Селден 270 үйдің ауласын су басты.

Соңғы жаңалықтар