Пенжім ауылында құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ - Төтенше жағдайлар комитеті

None
None
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Нөсерлі жаңбыр салдарынан зардап шеккен Алматы облысының Пенжім ауылында 270 үйдің ауласын су басты, тұрғындардың эвакуациясы жүргізілген жоқ. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

3 маусым күні сағат 21:00-де ауа температурасының жоғарылауы және нөсерлі жаңбыр салдарынан Пенжім ауылының солтүстік-шығыс бөлігіндегі таулы аймақта бөктерден жаңбыр суы ағып, аталмыш елді мекен зардап шеккені туралы бұған дейін жазған болатынбыз.

Н.Нұрахметовтің айтуынша, су деңгейінің көтерілуінен Пенжім ауылында Жібек жолы, Ш.Уәлиханов, Райымбек, Желтоқсан, Мұхамади көшелерінде орналасқан тұрғын үй аулаларын су басты. Сондай-ақ Жаркент-Қорғас республикалық маңызы бар автожолы су астында қалды. Жаркент қаласының аудан орталығына дейін 20 шақырым. Оқиға орнында Панфилов ауданының әкімі Темірлан Бектасовтың басшылығымен штаб жұмыс істеп жатыр.


«Жаркент қалалық 33-Өрт бөлімшесі мен Панфилов ауданының полиция бөлімшесінің қызметкерлері су басу қаупі бар учаскелерде халыққа ескерту жүргізді. Халықты эвакуациялау үшін Пенжім ауылындағы «Әділ» дәмханасы дайындалды. 4 маусым, сағат 06.30-дағы жағдай бойынша халықты эвакуациялау жүргізілген жоқ. Көмекке жүгінгіндер болған жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша, су 270-тен астам үйдің ауласына кірді. Тұрғын үйлер мен шаруашылық нысандарының қирау жағдайлары анықталмады. Аралау жұмыстары жалғасуда. Су басу салдарынан құрбан болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта судың келуі тоқтады», - деді ресми өкіл.

Су басу салдарын жою үшін Алматы облыстық ТЖД-дан, жергілікті атқарушы органдардан, «Қазселденқорғау» ММ-нан, әскери қызметшілерден, Панфилов аудандық полиция бөлімшесінен барлығы 190 адам мен 40 техника жұмылдырылды.

Мәлім етілгендей, Пенжім ауылының өмірді қамтамасыз ету жүйелері (энергиямен және сумен қамту) штаттық режімде жұмыс істеуде.

«Арық жүйесінің нөпір суды өткізуге қауһары жетпеген», - деп нақтылады Төтенше жағдайлар комитетінен.

Соңғы жаңалықтар