Пентагон АҚШ-қа қатер төнген жағдайда КХДР-ға әскери жауап қайтарылатындығына уәде берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Вашингтон АҚШ-қа, оның аумағы мен одақтастары территориясына КХДР тарапынан қауіп-қатер төнген жағдайда, «ауқымды әскери жауап» қайтаруға ниетті, деп мәлім етті Пентагон басшысы Джеймс Мэттис.

Жексенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің әкімшілігі мүшелерімен жиналыс барысында жақында ғана ядролық қару сынағын өткізген Солтүстік Корея әрекеттеріне жауап ретіндегі әскери дайындықтармен танысты.

«Гуам немесе біздің одақтастарымыздың территориясын қосқанда, АҚШ-қа және оның аумағына жасалатын кез келген қауіп-қатерге ауыр әрі олардың өзінен асып түсетін әскери жауап қайтарылатын болады», - деді Мэттис.

Мэттистің айтуынша, АҚШ мүмкіндігі бола тұра, КХДР-ды толықтай жойып жіберуге ниетті емес.

Журналистердің АҚШ Солтүстік Кореяға шабуыл жасауды жоспарлай ма деген сауалына Дональд Трамп «көреміз» деп жауап берген болатын.

Бұған дейін КХДР құрлықаралық баллистикалық зымырандарды жабдықтауға арналған сутекті  соғыс құралдарындағы жарылғыш заттар сынағының сәтті аяқталғанын мәлімдеген. 

Соңғы жаңалықтар