Педофилді ұстау үшін 13-қабаттан секірген алматылық «Жыл полицейі» атанды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қалалық полиция департаментінің Түрксіб аудандық полиция басқармасының криминалдық бөлім басшысының орынбасары Бақытжан Бәкіров республикалық байқауда «Жыл полицейі» номинациясында жеңімпаз атанды. Педофилді ұстау үшін 13-қабаттан секіріп кеткен тәртіп сақшысы бұл күнде «қазақстандық Бэтмен» атанып кеткен. Бақытжан Бәкіровтің ерлігіне көпшілік тәнті болды. ҚазАқпарат тілшісі оның өзінен оқиға қалай болғаны туралы әңгімелеп беруін сұрады.

– Бақытжан, марапатыңыз құтты болсын!

– Рахмет. Ойламаған жерден тағы да марапатталдым. «Жыл полицейі» атағы маған үлкен жауапкершілік жүктеді. Соңғы екі жылда көпшіліктің құрметіне, алғысына бөленіп жатырмын. Үлкен рахмет! Туған еліме, жеріме, Қазақстан полициясына әрі қарай да адал қызмет етуге уәде беремін. Халқымының ықыласынан артық алғыс жоқ екен, соны түсіндім.

– Қай өңірде дүниеге келдіңіз?

– Мен 1983 жылы 17 шілде күні Оңтүстік Қазақстан облысының Жетісай қаласында дүниеге келдім. Отбасындағы үш баланың үлкенімін. Өзімнен кейін қарындасым және інім бар. Әкем Ануарбек Бәкіров мақта зауытында инженер болып жұмыс істейді. Анам үй шаруасындағы кісі.

– Бұл мамандықты таңдауға не түрткі болды?

– Кішкентай кезімнен қылмыскерлермен күресуді армандайтынмын. Оған бірден-бір себеп - фильмдер. Сол кезде полицейлердің, тергеушілердің жұмысы туралы киноларды жиі көрсететін. Соны тапжылмай отырып көретін едім. Бәлкім сол түрткі болған шығар. Өсе келе полиция мамандығына деген қызығушылығым арта түсті. Сөйтіп арман қуып Алматыға келдім.

– Өзіңіз армандаған оқу орнына түсе алдыңыз ба?

– Иә. Алматыдағы Абай атындағы мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түстім. Грантқа іліге алмадым. Ақылы бөлімінде білім алдым. 2000 жылы түсіп, 2005 жылы тәмамдадым. Оқуымды бітірген соң бір жылдай өз мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Құрылыста істедім.

2006 жылы елордада полиция қызметкерлеріне байқау жарияланғанын естіп, бағымды сынап көргім келді.

Нұр-Сұлтанға келіп сол байқауға құжат тапсырып, бағыма қарай ІІМ академиясының алғашқы даярлық оқуын 3 ай оқыдым. Осы уақыт аралығында біраз тәжірибе жинақтадым.

– Еңбек жолыңызды қай мекемеде бастадыңыз?

– 2006 жылы Алматы қаласы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі қызметіне орналастым. Еңбек жолым осы жерде басталды. 15 жыл болды осындамын. Былтырдан бері Түрксіб аудандық полиция басқармасының криминалдық бөлім басшысының орынбасары қызметіне тағайындалдым.

– Өміріңізді қатерге тігіп, аса қауіпті қылмыскерді ұстау үшін 13-ші қабаттан секіргенде бойыңызды ешқандай қорқыныш билемеді ме?

– Ол кезде мен өз өмірімді ойламадым. Мақсатым– қылмыскерден айырылып қалмау, бұйрықты бұлжытпай орындау болды. Бізге 11 шілдеде күні белгісіз адамның Алматының Түрксіб ауданына қарасты аумақта үй тонап, 15 жасар қызды зорлап кеткені туралы хабар келіп түсті. Жедел уәкілдерден екі топ құрылды. Соның ішінде мен де бармын.

– Күдіктіні неше күнде қолға түсірдіңіздер?

– Күдіктіні төрт күн іздестірдік. Кейін оның пәтер жалдап, тығылып жатқанын анықтадық. Бірден оны ұстау жоспарына кірістік. Мен және әріптесім жалданған пәтер иесімен бірге 13-ші қабатқа көтерілдік. Қылмыскерді ұстау үшін сантехниктің киімін киіп алдық. Оның қосалқы кілті болды.

Әйел оны шақырып, құбырдан су ағып жатқанын айтты. «Оны жөндеуге сантехниктер келді» деді. Ол дәлізге шықты, мен оған қарай ұмтылдым. Ол бөлменің біріне қашып кіріп, ашық тұрған терезеден секіріп кетті. Бұл секундта әдетте ештеңе ойламайсың, ең бастысы - қуып жету. Сондықтан мен оның артынан секірдім.

11-қабатта терасса бар, сол жерге құладық. Құлаған кезде аяғымның сынғанын бірден сездім. Себебі «сырт» еткен дыбыс шықты. Қылмыскер қашу әрекетін жалғастырмақ болды. Бар күш-жігерімді салып, оны уыстан шығармауға тырыстым.

Серіктесім келгенше күттім. Екінші топ үйді қоршап тұрған еді. Олар үстіне көтеріліп келгенше педофилді жібермей отырдық.

– Қазір денсаулығыңыз қалай?

– Сол аяғыма үш рет операция жасалды. Қазір толық жазылдым. Денсаулығыма шағымданбаймын. Жұмысыма оралдым.

– Ерлігіңіз еленіп, ҚР Президентінің Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталдыңыз. Сол сәтте қандай сезімде болдыңыз?

– «Айбын» орденін алған кезде керемет сезімде болдым. Кез келген адам мадақ-марапатқа ұсынылса қуанышқа кенеледі ғой. Мен де қатты қуандым. Сондай-ақ, бұл марапат маған үлкен жауапкершілік жүктеді.

– Полицей атану үшін адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, төзімді және антқа адал болу керек. Қызметке орналасқанда біз ант қабылдаймыз. Онда азаматтарды қорғау - біздің жұмысымыз екені көрсетілген. Әр ер азаматтың бойында жігер, намыс болады. Еліміз бен халқымыздың тыныштығы үшін еңбек етуіміз керек. Ең үлкен үлкен мәртебе осы деп ойлаймын.

– Өзіңіздің отбасыңыз жайында айтып өтсеңіз?

– Көпбалалы әкемін. Жарым Мақпал екеуміз 6 бала тәрбилеп отырмыз. 4 ұл, екі қызым бар. Үлкені - 11 жаста, кішкентайымыз - бірде.

– Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар