Педофилді ұстаған қарағандылық полицейлер марапатталды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда қызмет барысында ерлік көсеткен және жедел әрекет еткен бес полицей мадақталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық Полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин Қарағанды қаласы ІІБ патрульдік полиция полкінің бес қызметкерін көрсеткен ерліктері үшін марапаттады.

«Сіздердің барлықтарыңыз жоғары кәсіпқойлық, қайсарлық көрсетіп, санаулы минуттарда оқиға орнына келіп, адам өмірін сақтап қалдыңыздар, сондай-ақ күдіктіні жедел түрде ұстадыңыздар. Біз, департамент басшылығы әріптестеріміздің іс-әрекеттерін жоғары бағалаймыз», - деп атап өтті Ерлан Файзуллин патрульдік полиция полкінің жеке құрамының алдында.

Полиция аға сержанты Айтқали Ақжол, полиция кіші сержанты Сайлау Нұрлыбек, полиция сержанты Сембеков Мади, полиция лейтенанты Мырзамбеков Дархан, полиция сержанты Арғын Ақниет қол сағаттарына ие болды. Сондай-ақ барлық қызметкерге 150 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 7 желтоқсанында сағат 10:30 шамасында «102» телефонына қала тұрғыны хабарласып, көпқабатты үйлердің кіреберісінде белгісіз ер адам оның 7 жасар қызына тиіскенін айтқан. Оқиға орнына дереу полиция наряды жіберілді. Полицейлер Мырзамбеков Дархан, Арғын Ақниет жақын жатқан аудандарға күдіктіні анықтауға бағытталған. Жедел-іздестіру шаралары барысында олар 43 жастағы қала тұрғынын ұстады.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 24-120-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ұсталған азаматқа қатысты «қамауға алу» түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың 3 желтоқсанында сағат 21:00 шамасында Қарағанды қаласының ІІБ жедел басқару орталығының «102» телефонына 15-шағынауданындағы гараж массивінде ер адам өзіне-өзі қол салмақ болғаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына ауданды патрульдеуге кіріскен жаяу наряд келіп жетті. Полицейлер ер адамды іздей бастап, гараждардың бірінің жанынан жүгіріп өткен кезде, ашық есікті байқап, ішке кірген. Онда арқанға асылып тұрған ер адамды байқаған. Оны шешіп алып, алғашқы медициналық көмек көрсеткен.

Айта кету керек, тәулік сайын қоғамдық тәртіпті сақтауға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге патрульдік полиция полкінің 300-ге жуық қызметкері кіріседі. Күн сайын 300-ден астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, қылмыстар ізін суытпай ашылып жатады.

Соңғы жаңалықтар