Педофилдерге қатысты қатаң жаза қолданатын мезгіл жетті - М. Алтынбаев

None
None
АСТАНА. 20 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған сенатор Мұхтар Алтынбаев педофилдерді қатаң жазалайтын заң қабылдау мәселесін көтерді.

Сенатор соңғы жылдары жасөспірім балаларға қарсы жасалынып жатқан арсыз, адами қасиетке жат қылықтар қоғамда белең алып, халықтың наразылығын туғызып отырғанын атап өтті.

«Халықтың наразылығын туғызып отырған мәселе - бұл кәмелетке толмаған балаларға қиянат жасаушыларға тағайындалатын жазаның жеңілдігі. Осындай қылмыстар жасап жүрген арсыздарға мемлекет тарапынан жеңіл дәрежеде жаза тағайындалып жатқандығы бұқара халықтың ашуын туғызып, бізге көптеген хаттар келуде», - дей келе сенатор айуандық әрекеттен жәбір көрген балалардың құқығы тапталып жатыр деп есептейтінін атап өтті.

«Себебі, ең алдымен ол балалардың психикасы бұзылатыны сөзсіз. Екіншіден, ол баланың өміріне, келешегіне өшпес дақ түседі.Қоғамнан оқшауланып, өзін-өзі ыңғайсыз сезінеді. Қиянат көрген балалардың өздеріне қол жұмсап жатқандары қаншама? Кейбір шет мемлекеттерде осындай қылмыс жасаушыларға еш аяушылық жоқ, заңмен қатаң жазаланады. Мысалы, Иран, Оңтүстік Корея, Ирак, Сауд Арабиясында кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін өлім жазасы көзделген. Кейбір елдерде педофилдерге қатысты химиялық кастрация жасау мәселесі қаралып жатыр», - деді М. Алтынбаев.

Сенатордың сөзіне қарағанда, ресми мәліметтер бойынша он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынаста болу және нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер жасау қылмыстары 2011 жылы 148 болса, 2012 жылы мұндай қылмыстар 232-ге, ал ағымдағы жылдың 5 айының өзінде 181-ге жеткен.

«Қарап отырсақ, кәмелетке толмағандарға қатысты жасалып жатқан қылмыстар елімізде жылдан жылға ерекше қарқынмен өсіп келеді. Осы айтылған сандардың артында қаншама баланың құқығы тапталып, күйзеліске ұшырап жатқандығы, неше ата-ананың көз жасы төгіліп отырғандығы айтпаса да түсінікті. Халықтың наразылығын, ашуын, ызасын туғызып отырғандығы заңды. Сол себепті, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар үшін жауапкершілікті түбегейлі күшейтіп, педофилдерге қатысты өте қатаң жаза қолданатын мезгіл жетті деп есептейміз», - деді сенатор М. Алтынбаев.

Соңғы жаңалықтар