Педофилдерді піштіргеннен пайда бар ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Зорланған бала, жоғалған жеткіншек. Еңірегенде етегі жасқа толып, аһ ұрған ата-ана. Өзекті өртеген өкініш. Бұның бәрі - педофилияның салдары. Себебі жоқ. Бар, бірақ біле алмай, тосқауыл қоя алмай келеміз. Тек әйтеуір «ақырзаманның ауруы» деген атау телідік. Дабыра көп, дауасы жоқ. Ендігі ойымыз - салдарымен күресу. Қазір осы ауруды «емдемек» болып, заңмен бұғау салу жағын қарастырып жатырмыз. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап педофилдерді піштіру туралы заң күшіне енбек. Піштіру жазасынан пайда бар ма? Түйінді ұсыныс төменде. Деректер сөйлесін.

  Еліміздегі ахуал

Былтыр қара күзде Бас Прокуратура Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында педофилдер қылмысы көп жасалғанын жария етті. Қарашадағы дерек бойынша 183 бала жыныстық сипаттағы қылмыстардың құрбанына айналып, осындай азғындыққа барған 111 адам сотталған. Бірқатар басылымдарда педофилдердің жалпы саны 1200-ден асатыны да айтылып қалған-ды. Ал бейресми деректер педофилдер қылмысы соңғы бес жылда бес мыңнан асқанын көрсетіп отыр. Бұған сенбей тұра да алмайсың. Өйткені баспасөз біткен педофилдер туралы дүркін-дүркін мәселе көтеріп жүр. Тіпті ести-ести елдің құлағы үйреніп, еті өліп кеткендей. Ал енді қайтпек керек? Әрине жазалау шараларын күшейту қажет.

Жазалау шаралары

Қазақстанның қылмыстық заңнамасы арқылы қолданылғалы отырған химиялық жолмен піштіру (химиялық кастрация жасау - ер адамды еркектік қабілетінен айыру), яғни медикаментоз арқылы педофилдердің жыныстық белсенділігін бәсеңдету өткен ғасырдың 50-жылдары АҚШ-та, Ұлыбритания мен Германияда қолданыла бастады. Қазір Канада, Франция, Дания, Израиль, Швеция, Польша, Норвегияда қолданылады. Деректерге сүйенсек, медикаментоздық профилактика қолданатын елдерде дәл осындай қылмыс саны 50 пайызға дейін азайғаны дәлелденген. Бұл шара сот шешімі бойынша медициналық мекемеде жасалады. Және бірнеше ай ғана әсер етеді. Уролог дәрігерлер бұл әдістің жүз пайыз жұмыс істемейтінін, дәрі-дәрмектің белгілі бір мерзімнен кейін күші қайтатынын, тіпті педофилдердің оның уытын қайтару үшін түрлі препарат ішіп, емделу мүмкіндігі бар екенін жоққа шығармайды. Қылмыскерлер тіпті бұдан кейін өршеленіп кетуі де әбден мүмкін.

Осы заң елімізде күшіне енгеннен кейін Бас Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің порталында (infopublic.pravstst.kz) «Геоақпараттық жүйелер» бөлімінде педофилдер туралы мәліметті қамтитын электрондық база іске қосылды. Мұндағы мәліметтер электронды карта түрінде берілген және баршаға қолжетімді. Мұнда қылмыскерлердің аты-жөні, суреті, туған жылы, мекенжайы, соттылығы жөніндегі ақпарат көрсетіледі.

АҚШ пен Ұлыбританияда осындай электронды карталардан бөлек жаза мерзімін өтеп шыққандар туралы оларға жақын тұратын халықты хабардар ету шарасы енгізілген. Сондай-ақ қылмыскерлердің қайда жүргенін бақылап отыру үшін электронды білезіктер кигізіледі.

Ал мұсылман елдерінде, сосын Оңтүстік Корея мен Қытайда педофилдерге  өлім жазасы қолданылады.

Қазақстанда қазір мұндай қылмыскерлерге қолданылып жүрген ең ауыр жаза ондаған жылға бас бостандығынан айыру ғана. Бұдан азайып кеткен педофилдер қылмысы және жоқ. Осындайда ат құйрығына байлап жіберуден оңай әрі азапты жаза болмас еді-ау дейсіз. Өйткені ондай азғындардың құнын да ешкім сұрамас еді...

Түйінді ұсыныс

Жазаны қанша жерден күшейткенмен педофилдерден қоғамға төнетін қауіп сейілмейді. Керісінше олар өршеленген сайын қылмыс үдей түспек. Бұл талас тудырмайтын факт. Криминологтардың айтуынша, мұндай қылмыстардың қайталануы (рецидив) 80 пайызға жетеді. Бұл дегеніңіз жазасын өтеп шыққандардың қылмысты қайтара жасайтындарын, тіпті одан сайын өршеленетінін айғақтайды. Сондықтан бірқатар елдерде қолданылатын қоғамнан оқшаулау немесе «көзін құрту» шараларын қолдану қажет-ақ.

Әрине өлімге кесу, ату жазасы гуманизмге бет алған біз секілді мемлекетке жат болып барады. Сондықтан елімізде өлім жазасына мораторий енгізілгенін ескерсек, басқалай жазалау жолдарын қарастыру керек. Бірақ бұл жаза белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырмауы керек. Себебі бұған дейін айтылғанындай мұндай қылмыскер бостандыққа шыққаннан соң әлгіндей қадамға қайта бармасына еш кепіл жоқ. Және осы зауалдан зәбір көріп отырған халықтың қалтасынан төленген салығына қылмыскерлерді асыраудың, мемлекет бюджетіне масыл қылудың қажеті қанша?!

Химиялық жолмен піштірудің жайын жоғарыда айттық. Ату, заң жүзінде өлімге қия салу да қолымыздан келіңкіремейді екен. Ендеше бір ғана жол бар - хайуаннан бетер аяусыздық жасаған жауыздарды өмір бойы бас бостандығынан айырып, абақты атаулыда өндіріс орындарын ашып, тегін, арзан еңбек күші ретінде қара жұмысқа пайдалану. Қытайда пара алғаны үшін сотталған шенеуніктерді түрмелерде химиялық ауыр жұмыстарға, адам денсаулығына аса қатерлі шаруаларға жегетінін естіген едік. Ендеше пара алу бала зорлаудың қасында түк те емес қой?!

Бұдан не ұтамыз? Біріншіден, педофилдердің емі жоқ. Ресми мәліметтерде осы қылмысты жасағандардың көбі психикалық ауытқуға шалдыққандар екені айтылып жүр. Демек, емі жоқ педофилдердің қоғамға төндірер қаупінің алдын аламыз. Өмір бойы қоғамнан оқшауланады. Осылайша қоғамдағы қылмыс саны азаяды.  Екіншіден, мемлекетке масыл болмайды. Абақтыдағы өндірісте жұмыс істеу арқылы өз-өзін асырайды, ішкен-жеген тамағын ақтайды. Ішіп-жеп аяқ босататын мал екеш малдың өзінің пайдасы, еті мен сүті бар емес пе? Үшіншіден, еңбекке араласады. Дайын асқа тік қасық болып жатпайды. Абақтының өзінде еңбек ортасы, шағын қоғам құрылады. Еңбек арқылы ауытқыған психиканы емдеу басқа емнен анағұрлым тиімдірек. Әрі там-тұмдап болса да мемлекетке пайда түседі. Бұл там-тұмдап түскен пайда елдегі абақты атаулыны қамтамасыз етуге жаратылар еді. Осындай жүйе, осындай пайда болмаса қоғамды сорлатып, бюджетті бүйірінен сорып отырған жазалау мекемесі не үшін керек?

Жалпы адам ретінде еңбегін пайдалану тәжірибесі педофилдерге ғана емес, аса ауыр қылмыс жасағандарға, өмір бойы бас бостандығынан айырылғандарға да қолданылуы керек деген пікірдеміз. Сондай-ақ айықпайтын, әбден салынып кеткен маскүнемдер мен нашақорларға да осындай баламалы белгілі бір режимдегі еңбек, өндіріс ортасын құру қажет-ақ. Бұл енді жанама болса да басқа әңгіме. 

Соңғы жаңалықтар