Педагогқа ең басты керегі – тынымсыз ізденіс пен талмас талап – ақмолалық мұғалім

Фото:
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ұстазға ең басты керегі - тынымсыз ізденіс пен талмас талап. Осындай өмірлік ұстанымы бар ақмолалық ұстаз Алмаш Құлмағамбетованың еңбекке деген құлшынысы мен табандылығының арқасында шәкірттері биік белестерді бағындыруда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алмаш Құлмағамбетова - жастайынан әдебиет пен өнерге сусап, қазақы тәрбие көрген білімді де білікті, жаңашыл ұстаз. Көп балалы қарапайым отбасында дүниеге келген. Бала жасынан қазақтың фольклорлық әдебиетін бойына сіңіріп өскен Алмаш Төлегенқызы мектеп бітірген сәтте қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі мамандығын таңдап, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде білім алып шығады. Осы күні Степногор қаласындағы №3 арнайы мектеп-интернатына қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі, дефектолог болып жұмыс істейді.

«Ұстазға ең басты керегі – тынымсыз ізденіс пен талмас талап. Бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу үшін ұстазға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Жауапты жұмыс болған соң мен де білім бағдарламасына сай әр сабақта қазіргі замаңғы білім берудің озық технологиясын қолдануға тырысамын», – дейді кейіпкеріміз.

Кез-келген адамға ұстаз болу бақыты бұйырмайтыны анық. Бұл тек жаны жақсылыққа құштар, оқу-білімге ынтызар, жүрегі ізгілік пен махаббатқа толы адамдардың ғана қолынан келетін іс. Бірақ, кез-келген ұстаз бала жүрегінің төріне шыға алмауы да мүмкін. Осы ретте, үнемі оқушыларының қазақ тілі мен әдебиеті пәніне деген қызығушылығын арттырып, жүрегіне жол таба білген Алмаш Төлегенқызының да шәкірттері биік белестерді бағындырып келеді.

«Жыл сайын мемлекеттік мерекелер қарсаңында мектеп-интернаттың ұстаздары мен оқушыларын қатыстырып, ұлттық салт-дәстүрді

насихаттайтын, белгілі бір тақырыптағы бейнероликтер түсіреміз. Соңғы рет Ұлыстың ұлы күніне орай өткен байқауда баланы бесікке бөлеу және сырға тағу тәрізді халқымыздың дәстүрін ұсынған едік. Ондағы мақсат, балаға Наурыз мейрамының қандай мереке екендігін түсіндіріп, ұлтымыздың салт-дәстүрлерін насихаттау еді. Осы байқауға белсене қатысқан оқушым Ақбота Қабитова арнайы дипломға ие болды», – дейді Алмаш Құлмағамбетова.

Сонымен бірге, ұстаздық жолында он жылға жуық тәжірибесі бар педагог жақында республикалық «Өрлеу» порталының ұйымдастыруымен өткен онлайн байқауға қатысып, кәсіби біліктілігі мен шеберлігін көрсеткені үшін «Үздік автор» төсбелгісі және Құрмет грамотасымен марапатталды.

Ұстаз ізденгіш болуы, қандай істі болсын, бар ынтасымен атқара білуі керек. Осы ретте, шәкірттерін білім нәрімен сусындатып жүрген Алмаш Төлегенқызы мамандығын дәл таңдаған екен дерсіз. Әріптестері де оның шығармашылық ізденгіштігі мен жаңашылдығына ризашылықтарын білдіруде.


Соңғы жаңалықтар