Педагогикалық университеттерді оқу-ағарту министрлігінің қарамағына беру керек - Асхат Аймағамбетов

None
Фото: gov.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Педагогикалық институттар мен университеттерді Оқу-ағарту министрлігінің қарамағына беру керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауыл шаруашылығы мен мәдениет саласындағы жоғары оқу орындарын Ғылым және жоғары білім министрлігінің қарамағына беру туралы ұсыныс айттым. Осыған дейін Үкімет құрамында жұмыс істеп, тиісті тәжірибем болғаннан кейін, бұл ұсынысты енгіздім. Негізі бұған дейін дәл осындай жүйе болған және ол өзінің тиімділігін көрсеткен еді. Кейіннен аталған жоғары оқу орындары тиісті министрліктердің қарамағына берілді. Бұл тұрғыда оқу орындарының жұмысы біршама тежеліп қалды деуге болды. Қазір олардағы білім беру бағдарламалары, ғылыми-зерттеу институттарының әлеуеті және нәтижелері тиісті деңгейде емес. Менің ойымша, бұл университеттер жаңадан құрылған Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрамында жұмыс істеуі керек», - деді А. Аймағамбетов Мәжілістегі Үкімет сағатынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Сонымен қатар, ол Оқу-ағарту министрлігінің қарамағына педагогикалық институттар мен университеттерді беру ұсынысын айтты.

«Аталған министрлік қарамағында мамандығына сай келетін арнаулы университеттерінің болуы өте маңызды. Себебі, олардың өздерінің ерекшелігін ескере отырып, мектептермен тығыз байланыста күнделікті жұмыс істеуі керек», - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілісте ғылымды дамыту тақырыбындағы Үкімет сағатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жастар PhD ғылым дәрежесін алып, университетке жұмыс істеуге бармайтынын айтты.


Соңғы жаңалықтар