Педагог тәлімгерлеріне үстемеақы төлеу мәселесі қашан шешіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова педагог тәлімгерлеріне үстемеақы төлеу мәселесі қашан шешілетіндігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың 1 қаңтарынан педагогтердің жалақысы 25 пайызға өсті. Сынып жетекшілігі, дәптер тексергені үшін үстемеақылар да осы жылдың 1 қаңтарынан қосылып отыр. Ал магистр атағы үшін берілетін үстемеақыға қатысты айтар болсам, егер ол бүгінгі күні жұмыс істеп сабақ беріп жүрсе, онда 2020 жылдың 1 қаңтарынан үстемеақы ала алады», - деді ол.

Вице-министрдің айтуынша, педагог тәлімгерлеріне үстемеақы төлеу мәселесі қазіргі уақытта қаралып, ережесі дайындалу үстінде.

«Біз қазіргі уақытта ережесін дайындап жатырмыз. Меніңше, ереженің қабылдануына байланысты оның қалай болатындығын заңдық тұрғыда реттейміз. Жалпы, біз оны оқу жылына жоспарлаған едік. Егер мұндай мүмкін болып жатса, онда қажетті деңгейде қаржыландырылып отырамыз. Ережені бекітер кезде Әділет министрлігімен кеңесеміз. Соған сай сол уақыттан бастап тәлімгерлерге тиісінше үстемеақы төлене бастайды»,- деді Бибігүл Асылова.

Оның дерегінше, педагогке тәлімгерлік жасағаны үшін бір базалық лауазымдық жалақы көлемінде үстемеақы төленеді.






Соңғы жаңалықтар