Педагог мәртебесі: Жалақыны көтеру мен біліктілікті арттыруда, мұғалімдікке орналасуда өзгерістер болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін «Білім және ғылым – елдің тұрақты дамуының кепілі» тақырыбындағы педагогтердің Республикалық тамыз конференциясының пленарлық сессиясы өтті. Осы орайда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтарды жария етті.

Биыл қыркүйек айынан бастап жоғары оқу орындары ректорларының рейтингісі енгізіледі. Осы рейтинг қорытындысы бойынша кадрлық әрі ұйымдастырушылық шешімдер қабылданбақ.

Атап айтқанда, маңызды жаңалықтардың бірі - «Әліппе» және «Букварь» оқулықтары мектеп бағдарламасына қайта оралады. 1 қыркүйекте өтетін салтанатты іс-шарада мектеп табалдырығын алғаш аттаған барлық бірінші сынып оқушыларына «Әліппе» бірінші оқулығы ретінде беріледі. Бұл оқулық Ахмет Байтұрсынұлының әдістемесі бойынша жасалған. «Әліппе» және «Букварь» оқулықтары мазмұны жағынан бірдей және бірінші сынып оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып жасалған.

Бұдан бөлек мектептерде оқулықтардың альтернативтілігі қамтамасыз етілетін болады.

«Ол бойынша біз қазіргі уақытта заңнамаға тиісті өзгерістер дайындап жатырмыз. Бұл тұрғыда 1-ден 11-сынып аралығындағы оқулықтардың альтернативтілігі ескеріліп отыр. Біздіңше, бұл өте маңызды мәселе. Осы орайда тиімді деп саналатын оқулықтарды педагогтардың өздері таңдау мүмкіндігін қамтамасыз ету маңызды. Қазір бізде бірыңғай оқулықтар бар. Олар бейінділікті ескерместен, гимназия, лицей және жалпы білім беретін мектептер үшін бірыңғай әрі бірдей болып тұр», - деді А. Аймағамбетов.

Оның айтуынша, бұл норма осы мақсатты шешуге және педагогтар сұранысын ескере отырып, тапсырыс беруге мүмкіндік береді.

«Тек, бірыңғай оқулықтар Қазақстан тарихы мен Дүниежүзілік тарих бойынша сақталады. Бұл оқулықтар бірыңғай бағдарлама бойынша жүреді. Қазіргі кезде тиісті жұмыстар пысықталып жатыр», - деді министр.

Айтпақшы, «Алтын белгіге» үміткерлер үшін талап күшейтілетін болды.

«Біз оны кезең-кезеңмен жыл сайын өзгертіп жатырмыз. Өткен жылдары бұл мәселені көтеріп, біраз өзгерістер енгіздік. Биыл енді екінші кезең қамтылады. Екінші кезең дегеніміз, жылдық «бес» бағасымен қатар, үміткерлердің 5-11 сынып аралығындағы барлық тоқсандық бағалары да «5» болуы керек деген қағида енгізіледі. Оны өте маңызды қағида деп санаймын. Сондықтан осы шешімді де қабылдап отырмыз», - деді ведомство басшысы.

Белгілі болғандай, түлектер үшін емтиханды тәуелсіз ұйым өткізетін болады.

Педагог мәртебесі

«Педагог мәртебесі туралы» Заң педагог бағытына оқуға түсетіндер деңгейіне өте жақсы ықпал еткен екен. Осы мамандықты таңдайтын талантты балалар саны артты. Биыл педагогикалық бағыттар бойынша 9 066 грант тағайындалды. Орташа балл 75-ке дейін артқанына қарамастан, балалар келіп жатыр. Конкурсқа 19 133 адам қатысты. Олардың арасында бір мыңға жуық талапкер 130-дан астам балл жинаған. Шын мәнінде үздік талапкерлер педагог мамандығын таңдай бастады. Олардың ішінде 20 пайызға жуығы «Алтын белгі» иегерлері болып отыр. Биыл оқуға түскендердің орташа балы да күрт өскен. Бұл өз кезегінде осы саланың тартымды бола бастағынан байқатады.

Мұнымен қоса Асхат Аймағамбетов мұғалімдер біліктілігін арттыру тақырыбына да тоқталып өтті.

«Қазіргі кезде біліктілікті арттырудың орталықтары қайта жүктеу кезеңінен өтіп жатыр. Бұл кезеңде біліктілікті арттыру курстарының мазмұны мен сапасына қадамдар толықтай жаңартылады. Олар ғылыми әдістемеге негізделген. Сонымен қатар, мұғалімдер біліктілігін бес жылда бір рет емес, екі немесе үш жылда бір рет өткізу мәселесін қарастыруды жоспарлап отырмыз», - деді министр.

Оның пайымынша, бұл қадамдар маңызды болып тұр. Себебі саладағы жағдай өте қарқынды өзгеріп жатқан кезеңде педагогтар біліктілігін тұрақты арттыруды қамтамасыз ету маңызды.

Ведомство басшысы 2022 жылдың қаңтарында балабақша мен мектеп, колледж педагогтарының жалақысы тағы 25 пайызға өсетінін айтты. Ал 2021 жылдың қыркүйегінен педагогтарды жұмысқа қабылдау жүйесі өзгереді. Бұл тақырып бойынша талқылау мен пікіралмасулар болды. Талқылау нәтижесінде тиісті бұйрыққа жақында қол қойылды.

Осы орайда бұған дейін педагогтарды жұмысқа қабылдауды директор жүргізсе, енді бұл қадамдар электронды форматта конкурс арқылы іске асырылады. Бұл ретте нақты көрсеткіштер мен өлшемшарттар бойынша мектеп пен комиссия педагогты қабылдау тұрғысында шешім қабылдайды.

Тағы бір жаңалық - мектеп директорларына жалақы төлеу жүйесіне өзгеріс енгізіледі.

«Қазіргі кезде мектеп басшылығының жалақы мәселесі өзекті болып тұр. Жалақының қазіргі деңгейіне қарап, бәсекеге қабілетті менеджерлер басшылық қызметке баруға қызықпайды. Жалпы, үздік педагогтар мектеп директоры немесе оқу ісінің меңгерушісі лауазымына бармай жатады», - деді Асхат Аймағамбетов.

Осы орайда министр бұл бағытта тиісті өзгерістер керек екенін атап өтті. Мектеп директорларының жалақысы ұстаздың еңбекақысынан төмен болатын жағдайлар жиі кездеседі. Бұл тұрғыда тәуекелдер деңгейі әртүрлі екені белгілі. Бұл ретте Білім министрлігі мектеп директорларына жалақы төлеу жүйесіне өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, биыл күзден бастап білім беру ұйымдары директорларын қызметке тағайындаудың жаңа жүйесі енгізіледі.

«2021 жылдың қыркүйегінен білім беру ұйымдары директорларын қызметке тағайындаудың жаңа жүйесі енгізіледі. Бұл өз кезегінде балалар үйлеріне, мектептер мен колледждерге қатысты. Осыған қатысты көптеген сұрақтар болған еді. Ұйым жетекшісі бір орында 25-30 жыл қатарынан қызмет ететін оқиғалар кездесіп жатады. Дегенмен олардың жұмысынан нәтиже болмайтын жағдайлар да байқалып отыр. Сондықтан тағайындаудың жаңа жүйесі ең маңызды сұрақтарға жауап береді деп ойлаймын», - деді Білім министрі.


Соңғы жаңалықтар