Педагог мәртебесі туралы заңға қатысты халықтан 2 мың ұсыныс келіп түсті

Редактор:  
Жанат Қапалбаева

Педагог мәртебесі туралы заңға қатысты халықтан 2 мың ұсыныс келіп түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде педагог мамандығына оқуға түсетін студенттердің шамамен 80 пайызы - межелі балды жинай алмағандар. Яғни жоғары бал жинағандар көбіне басқа мамандықтарды таңдап кетеді. Өйткені мұғалімдікке бүгінгі қоғамның қызығушылығы төмен, деп хабарлайды ҚазАқпарат Хабар 24 агенттігіне сілтеме жасап.

Осы олқылықтың орнын толтыру үшін елімізде «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданбақ. Бүгінде оның жобасы жан-жақты талқыланып, ұсыныстар қарастырылып жатыр. Педагог мәртебесі туралы айтқанда, түйіні шешілмеген талай мәселенің бар екені белгілі. Енді мұғалімдердің құқығын қорғайтын осы құжат қабылданса, ұстаздардың беделін көтеріп, мерейін үстем етпек.

Бүгін Білім және ғылым министрлігінің өкілдері мен қалалық және аудандық мектеп мұғалімдері, ата-аналар және кәсіподақ мүшелері бас қосып, заң жобасына қатысты бірқатар ұсынысты ортаға салды.

«Бір апта бұрын ғана бізге түскен ұсыныстардың саны 800-дей болатын. Міне бүгін 2000-ға жетті. Азаматтар министрліктің ресми сайтына, әлеуметтік желідегі парақшаларына өз ой-пікірлерін жіберіп жатыр. Әрине, ұсыныстардың көбі педагог жүктемесіне қатысты», - дейді ҚР Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Майраш Тайкенова.

Жиында сөз болған тақырыптың бірі - ата-аналар мен мұғалімдердің қарым-қатынасы. Өйткені бала тәрбиесі үшін бұл да өте өзекті. Жиынға қатысқандар ата-аналардың педагогтарға үстемдік жасап, жұмысына негізсіз араласатынын жоққа шығармайды. Сондықтан осы заңда педагогтың әлеуметтік жағдайын жақсарту ғана емес, қоғамдағы беделін көтеру басты назарға алынған.

Педагог мәртебесі туралы заң тұжырымдамасына әрбір қазақстандық өз ұсынысын білдіре алады. Ал дайындалған заң жобасы келесі жылдың маусым айында күшіне енеді деп күтілуде.




Серіктестер жаңалықтары