Педагог мәртебесі туралы заң орындалуы үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз керек – министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Педагог мәртебесі туралы» заң талаптарының орындалуы барысында қоғам болып белсенділік танытуымыз керек. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Барлық ұстаздар қауымын осындай тарихи шешімнің қабылдануымен құттықтаймын! Өздеріңіз білетіндей, Президент биылғы Тамыз кеңесінде және Жолдауында осы Заңның аясында ұстаздардың жалақысын екі есе өсіру, мұғалімдердің жүктемесін азайту, өзіне тән емес жұмыстардан босату мәселелерін қарастыруды тапсырған болатын. Елбасымыз Н.Назарбаевтың осы Заңды даярлау бойынша ұстаздардың жағдайын жақсарту, қағазбасылықтан, орынсыз есептіліктен босату және де тағы да басқа өзекті тапсырмалары толығымен қамтылды. «Педагог мәртебесі туралы» заң 21 баптан тұрады және жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты. Жалпы Заң төрт бағытты қамтиды: Бірінші - ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту; екінші - мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту; үшінші - материалды емес стимул тетіктері; төртінші - материалдық ынталандыру», - деп жазды министр.

Сонымен қатар ол педагог жұмысын ынталандыруға бағытталған негізгі шараларға тоқталды. Оның дерегінше, 2020 жылы жалақы 25 пайыз өсіп, 4 жыл ішінде екі есе артады. Жаңа жүйе бойынша енді балабақша, колледж педагогтары да біліктілік санаты үшін лауазымдық жалақыдан 30 бен 50 пайыз аралығында қосымша ақы алады. Педагог міндетіне жатпайтын функцияларға тартудан қорғау, орынсыз есептіліктен босату, педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беру, тәлімгерлік үшін мектеп мұғалімдеріне әр ай сайын қосымша ақы ( 17 мың теңге) енгізіледі. 2021 жылдан бастап мектеп мұғалімдеріне бір ставка үшін саналатын оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендейді.

Ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі үшін әр ай сайын мектеп ұстаздарына 10 АЕК (25,5 мың теңге) мөлшерінде үстеме ақы төленіп, сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін төленетін ақы екі есеге артады. Біліктілік санаты үшін мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жалақысын 30 дан 100 пайызға дейін қосымша ақы төлеп арттыру қолға алынады. Әскери қызметке шақыру кейінге қалдырылады. Халықаралық конкурсттар мен жарыстардың жеңімпаздарын, түрлі олимпиадалармен спорттық жарыстардың лауреаттарын даярлаған педагогтерге 3 лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төленеді . «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапат тағайындалады және иегерлеріне 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы беріледі. 42 күн демалатын педагогтердің демалыс уақыты 56 күнге ұзартылады. Таға да басқа жаңа бастамалар қарастырылған.

«Ең бастысы Заң қаржымен толығымен қамтамасыз етілді. Жалпы, 2024 жылға дейін 5 триллион 3 миллиард теңге осы нормаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен бөлінеді. Бұдан басқа, ілеспе заңда ата-ананың жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, орынсыз есептілік, қағазбасылық, заңсыз тексерістер үшін нақты санкциялар, яғни айыппұлдар қарастырылды. Ендігі кезекте, Заң талаптарының орындалуы барысында қоғам болып белсенділік танытуымыз керек. Еліміздегі мұғалімдердің беделін, абыройын арттыруға үлкен мүмкіндік беретін жаңа Заң ұстаздарымыздың мерейін өсіріп, мәртебесін арттыра түсетініне сенімдімін. Министірлік Заңның орындалуын тікелей бақылауында ұстайды. Жалпы, аталмыш Заң білім сапасының артуына тікелей әсер ететін болады», - деді Асхат Аймағамбетов.



Соңғы жаңалықтар