Пайдалы қазбаларды заңсыз өндіруге байланысты талаптар күшейтілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Заң жобасы Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасы бойынша қабылданған заңдарды, Мемлекет басшысының Жолдауда берген тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді. Бірқатар құқық бұзушылық құрамы бойынша азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту тәртібін регламенттеу жөніндегі маңызды міндетті шешеді.

«Тексерулерді, сондай-ақ бақылау мен қадағалаудың өзге де нысандарын заңсыз жүргізу фактілері бойынша мемлекеттік органдардың лауазымды адамдарының жауаптылығын күшейту мақсатында оларды әкімшілік жауаптылыққа тарту мерзімін бір жылға дейін ұлғайту ұсынылды. Қазір бұл мерзім екі айды құрайды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл да жазаның бұлтартпастығы қағидатын елеулі түрде жояды. Мұндағы мәселе – тексеру нәтижелеріне, мемлекеттік қызметкерлердің әрекеттеріне шағымдану процесінің ұзақ уақытты алуы болып отыр. Нәтижесінде, екі айлық мерзімнің өтуіне байланысты кінәлі шенеуніктер жазаланбай қалуда», - деп түсіндірді депутат Гүлнар Бижанова.

Бұдан бөлек Г. Бижанова қауіпті өндірістік объектілерге заңсыз кіруге және құрамында алтын бар кендерді заңсыз өндіруге байланысты проблемалар ұзақ уақыт бойы орын алып отырғанын атап өтті.

«Мемлекет пен бизнестің экономикасы зардап шегіп, адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келуде. Бұл күзетілетін объектіге заңсыз кіргені үшін қылмыстық жауаптылық енгізуге бастама жасауы үшін негіз болды. Осыған байланысты Кодекстің 506-ншы бабының диспозициясына әкімшілік және қылмыстық жауаптылық ара-жігін ажырату үшін нақтылау енгізіледі», - деді депутат.

Сонымен қатар, жоба газды алау етіп және стационарлық көздерде заңсыз жаққаны үшін экологиялық айыппұлды есептеуге бірдей базаны қолдану туралы түзетуді көздейді. Бұл экологиялық айыппұлдарды есептеу кезінде кемсітушілік тәсілді болғызбайды. Ел Президентінің айыппұлды есептеу кезінде осындай тәсілді жою туралы қойған міндеті шешіледі.

Бұдан бұрын хабарланғандай, құжат аясында прокурордың қаулысын орындамағаны үшін жауапкершілік белгіленеді.


Соңғы жаңалықтар