Пайдаланылмай жатқан 2,5 млн гектар жер бар - АШМ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылы пайдаланылмай жатқан 2,5 млн гектар жер анықталған. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгін де ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалану жөніндегі мемлекеттік бақылау аудандық атқарушы органдарға жүктелген. Осылайша, жер учаскелерін немесе оларды заңсыз пайдалану жауапкершілікке алып келеді. Яғни, мәжбүрлі түрде алып қоюға жатады. Бұл нормалар 2015 жылы қабылданған болатын», - деді Арман Евниев Парламент Мәжілісінде өткен «Жер ресурстарын тиімді пайдаланудың өзекті мәселелері» атты дөңгелек үстелде.

Вице-министрдің айтуынша, пайдаланылмаған жерлерді алып қоюдан басқа жер салығын он есе ұлғайту шаралары да қолданады.

«Алайда жауапсыз жер пайдаланушыларының барлығынан мәжбүрлі түрде алып қою фактілері салық органдарында өте сирек кездеседі. Ескере кетерлік жәйт, бүгінгі күні жерлерді ұтымды пайдалану бойынша мемлекеттік бақылаудың тиімді механизмі жоқ. Жерді тартып алу бойынша қолданыстағы механизмдер ұзақ әрі күрделі. Осы жылдың 1 қаңтарындағы ахуал бойынша пайдаланылмаған және жер заңнамасын бұза отырып пайдалану бойынша 2,5 млн гектар ауыл шаруашылығы жерлері анықталған», - дейді вице-министр.

Еске сала кетсек, аталмыш дөңгелек үстелде Үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдері ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мәселесі бойынша өз ұсыныстарын білдірген болатын.

Соңғы жаңалықтар