Пайдаланылмай жатқан 10 млн гектар жер мемлекетке қайтарылады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Пайдаланылмай жатқан 10 млн гектар жер мемлекетке қайтарылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жер мәселесіне келетін болсақ, бүгінгі таңда мемлекетке 2,9 млн гектар пайдаланылмайтын жер қайтарылды және жыл соңына дейін 5 млн гектарға жеткізіледі. Келесі жылдың соңына дейін қосымша тағы 5 млн гектар пайдаланылмайтын және заңнаманы бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы жерлері бойынша нақты шешімдер қабылданатын болады», - деді Ербол Қарашөкеев.

Осы ретте министрдің айтуынша, мұндай көлемді жұмысты орындау үшін қосымша 200 штат бірлігін бөле отырып, жер инспекциясын нығайту керектігіне назар аудартты.

«Сондай-ақ аудан әкімдері және жер қатынастарына жетекшілік ететін облыс әкімдіктерінің орынбасарлары жалға берілген жерлерді анықтау бойынша мониторингті жүзеге асыру функцияларын тиісінше орындамаған жағдайда, олардың жауапкершілігін күшейту қажет деп санаймын», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар