Пайдаланылмай жатқан 1,85 млн гектар жер игерілуде - АШМ

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен жылы пайдаланылмай жатқан 5,2 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды, 2023 жылдың соңына дейін тағы 5 млн гектар жерге шара қолданылады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жайылымдардың жетіспеушілігі кезінде елдің жер ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану мәселелері бірінші орында тұруы тиіс. Осыған байланысты, өткен жылы мемлекетке 5,2 млн гектар пайдаланылмаған және заңнаманы бұзу арқылы берілген ауыл шаруашылығы жерлері қайтарылды. Тиісті шаралар қабылданған соң жер пайдаланушылар 1,85 млн гектар жерді игеруге кірісті. Аталған көрсеткіштер 2021 жылмен салыстырғанда 10 есе көп», - деді Е. Қарашөкеев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, министрлік Президенттің 2023 жылдың соңына дейін пайдаланылмай жатқан қосымша 5 миллион гектар жерге қатысты шара қабылдау тапсырмасын орындауда.

Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп, 2022 жылы мемлекетке қайтарылған ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасы – jerkarta.gharysh.kz геосервисін әзірлеп, іске қосты.

«Осылайша, жалпыға қолжетімді интерактивті карта азаматтардың ауыл шаруашылығы жерлеріне құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдарға өтініш берулеріне бағдар болады. Жылдар бойы пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға тартуға, ауыл шаруашылығымен айналысу үшін тұрғындарды қажетті учаскелермен қамтамасыз етуге негіз болады. Интерактивті картаны енгізу айтарлықтай дәрежеде әлеуметтік әсер береді, жер учаскелеріне қатысты алаяқтық процестерді азайтады және пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару бойынша мемлекеттік аппарат жұмысына халықтың бағасын алуға оң әсер етеді», - деді ербол Қарашөкеев.

Айта кетейік, Қазақстанның 15 облысында мал жаю үшін 8,9 млн гектар жер жетіспейді. Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтарда мал санының айтарлықтай өсуіне байланысты.

Бұған дейін хабарланғандай 5 млн га бос жатқан ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды.


Соңғы жаңалықтар