Павлодарлықтардан жемқорлыққа қатысты 40-тан астам шағым түскен

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облысының арнайы мониторингтік тобы Майқайындағы балабақшада ақша жинау, Ақтоғайда жедел жәрдем көлігін жеке мақсатта пайдалану және осыған ұқсас бірқатар жемқорлық деректерді анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы жылдың басынан бері облыс тұрғындарынан 40-тан астам шағым түсті. Топ мүшелері мен департамент оларды бірлесе қарап шығып, сәйкес шешім қабылдады», - деді Павлодар облысы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің департаментінде.

Картаның тиімді жүзеге асырылуы үшін облыстың барлық қалалары мен аудандарында жергілікті арнайы мониторинтік топтар құрылды. Олардың құрамына мұндай жағдайларға бейжай қарамайтын тұрғындар, қоғамдық ұйым белсенділері кірді.

«Қоғамдық бақылау картасы» жобасының мақсаты - мемлекеттік органдарды және үшінші немесе төртінші деңгейлі бюджетті бақылау, яғни алыс аудандар мен ауылдық округтердің тұрғындары аудандық мониторингтік топтар, әлеуметтік желілер немесе құрылған кол-орталық арқылы қандай да заңбұзушылықтар туралы хабар бере алады», - деді агенттік өкілі.

Қоғамдық мониторингке мектептер мен балабақшалардағы заңсыз ақша жинау деректерін, әлеуметтік нысандар құрылысының барысы, мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік этиканы бұзуы, қызметтегі лауазымды асыра пайдалану, қызметтік автокөліктерді жеке мақсатта қолдану және т.б. деректер жатқызылды.

«Мысалы, мамыр айында Баянауыл ауданына қарасты Майқайың ауылдық округінің «Ұшқын» балабақшасынан заңсыз түрде ақша жинауға қатысты шағым түсті. Мекемеде айыппұлды төлеу үшін бір ай бойы қызметкерлерден ақша талап етілген. Төлемеген жағдайда басшылық қызметкерлерін жұмыстан шығарумен қорқытқан. Нәтижесінде ақшаны жинап тынған»- деді департамент өкілі.

Баянауыл ауданының және Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің арнайы мониторингтік тобы профилактикалық жұмыстарды жүргізгеннен кейін жиналған ақша балабақша ұжымына қайтарылған.

Ал 18 маусымда арнайы мониторингтік топқа жедел жәрдем көлігін мақсатсыз пайдаланғаны туралы шағым түскен. Көлікке Павлодардың  көтерме сауда дүкенінен азық-түлік тиелген.

 «Павлодар облысы Денсаулық сақтау басқармасының ақпаратына сәйкес, көлік Ақтоғай орталық аудандық ауруханасына тиесілі болып шықты. Ақтоғай ауданының арнайы мониторингтік тобы Ақтоғай орталық аудандық ауруханасының бас дәрігерімен профилактикалық әңгіме жүргізіп қайтты», - деді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің қызметкерлері.

Соңғы жаңалықтар