Павлодарлықтар жанартаулық бомбаны сақтап отыр

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда екібастұздық журналист әрі өлкетанушы Павел Оноприенко берген жанартаулық бомба сақталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Есте жоқ ескі заманда атқылаған жанартаудан шыққан қатты жыныс қазіргі Баянауыл аумағына келіп түскен. Баянауыл тауы Сарыарқаның солтүстік-шығыс бөлігінде, Павлодар облысының Баянауыл ауданында орналасқан. Батыстан шығысқа қарай 40-50 шақырымға, солтүстіктен оңтүстікке қарай 20-25 шақырымға созылып жатыр. Ең биік шыңы - Ақбет тауы (1027 м). Баянауыл тауы девон, силур кезеңінде, тектоникалық және вулкандық факторлардың әсерінен пайда болған.

Павлодар облысының ғалымдары тау ертеде белсенді жанартаулардың бірі болғанын растайтын көптеген дәлелдер жинады. Олардың кейбірі музейлерде, геолог, палеонтолог, өлкетанушы ғалымдардың коллекцияларында сақтаулы. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын Павлодар География үйінің қорына таңғажайып жанартау бомбасы - жанартау атқылаған кезде оның аузынан атылып шығып, ауада суығандықтан ғажап пішінге енген лава түйірі табыс етілді.

Табиғаттың бірегей жаратындысы бұрынғы «Заветы Ильича», қазіргі «Екібастұз дауысы» газетінің тұңғыш редакторы, археолог, өлкетанушы Павел Оноприенкоға тиесілі еді.

«Оны Павел Ильич экспедицияға шыққанда, Баянауыл ауданынан тауып алған еді. Баянауыл тау тізбегі, соның ішінде Жасыбай көлі де жанартаудың атқылауынан пайда болған», - дейді «Екібастұз дауысы» газеті редакторының орынбасары Игорь Тимошенко.

Археолог Георгий Пересветовтың айтуынша, қазіргі Баянауыл жеріндегі соңғы жанартау шамамен 65 миллион жыл бұрын сөнген. Кейін өңірдің жер бедері біртіндеп қазіргідей болып қалыптаса бастаған.

Оның коллекциясындағы жанартаулық бомба ересек адамның қос уысына сыяды, дегенмен айтарлықтай ауыр. Ол алдағы уақытта болашақ геология музейінің экспонаты болуға тиіс.  

Соңғы жаңалықтар