Павлодарлықтар қоқыс жинап жүріп, марафон жүгірмек

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда «Жасыл ел» жасақтары таңғажайып экологиялық марафон - «JASYL CROSS - 2019» плоггингін ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экологиялық марафонның негізгі мақсаты салауатты өмір салтын насихаттау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қала тұрғындарын спорт және денешынықтырумен айналысуға шақыру, жалпы Павлодардағы экологиялық жағдайды жақсарту», - дейді «Жасыл ел» еңбек жасақтары облыстық филиалының мүшелері.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «JASYL CROSS - 2019» плоггингі экологиялық марафоны 20 сәуір күні Усолка шағын ауданында өтеді. Оған автомобиль көпірінде 10:15-те старт беріледі.

«Биылғы марафонды ұйымдастыруға көптеген павлодарлық компаниялар және Павлодар облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығы қолғабыс етіп отыр», - дейді «Жасыл ел» филиалының жетекшісі Роман Краснощёков.

Марафон аясында мәдени, ойын-сауық іс-шаралары да өткізіледі.

«Биылғы марафонға 200-ден астам адам қатысады», - дейді Роман Краснощеков.

Плоггинг - салауатты өмір салтын сақтау мен экологияны қорғаудың буданы деуге болады. «Плоггинг» сөзі жүгіру кезінде қоқыс жинауды білдіреді. Фитнес жаттықтырушылардың пікірінше, осындай таңғажайып марафон кезінде 30 минутта 288 килокалорияға дейін энергия жұмсауға болады.

«2018 жылы Павлодарда алғаш рет толық марафон өтті. Оған қаланың 150 тұрғыны қатысты. 30 минутта Усолка өзенінің жағасынан 300 қап - 2 тоннадай қоқыс жиналды», - дейді ұйымдастырушылар.

«JASYL CROSS - 2018» плоггинг марафоны ТМД елдеріндегі халықаралық жастар форумының қорытындылары бойынша, ТМД-дағы үздік жастар іс-шараларының үштігіне ілінді», - дейді Роман Краснощеков.



Автор: Антон Гагарин

Соңғы жаңалықтар