Павлодарлықтар Головкинді қолдап флешмоб өткізді

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарда Рүстембек Омаров атындағы қазақ халық музыкалық аспаптар оркестрінің музыканттары мен музыка колледжінің студенттері қазақстандық кәсіпқой боксшыны қолдап, видеороликтер түсірді. Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлады.

Оркестрдің музыканттары Геннадий Головкиннің бір де бір жекпе-жегін жіберген емес.

«Менің екінші мамандығым - фитнес нұсқаушысы. Спортқа жақын адам ретінде менен флешмоб үшін фитнес-би ұйымдастыруға шақырды. Мен оны нағыз музыкалық бағдарлама түрінде ұйымдастырғым келді. Оркестрміз ғой. Музыканттарды G әрпі түрінде орналастырдық», - дейді виолончель шебері Юлия Пузина.

Баяншы Жұбан Ермекбаев ағылшынның танымал Queen тобының We Will Rock You әнін пайдалануды, артынша «Гена, Гена, Champion!» деп айғайлауды ұсынды. Жас музыканттарды оркестрдің бас дирижері әрі көркемдік жетекшісі, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Талғат Кәрімов те қолдады.

«Флешмобқа 25 адам қатысты. Олар домбыра шертіп, қобыз тартады, қылқобыз, шаңқобыз, сырнай, сазсырнай, жетіген, виолончель, контрабас және соқпалы аспаптарда ойнайды», - дейді Ю. Пузина.

Геннадий Головкинге музыка колледжінің 130-дан астам студенті де ерекше қолдау көрсетті. Колледж директорының орынбасары Айнұр Қарашинаның айтуынша, флешмобқа оқытушылар да қатысыпты. Олар колледж алдындағы алаңда «G» әрпін «жазып», артында «жүрекше» түрінде сап түзеген.

Еске сала кетейік, Геннадий Головкин Нұр-Сұлтан уақытымен 9 маусым күні таңертең Нью-Йорктегі (АҚШ) Madison Square Garden аренасында канадалық Стив Роллспен айқасады.

Соңғы жаңалықтар