Павлодарлықтар автобустарда электрондық төлем енгізілгенінен хабарсыз болып шықты

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодардағы № 1 автобус паркінде қалалық мәслихат депутаттары қоғамдық көліктерде енгізілген электрондық билеттеу жүйесін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Автобус паркінің басшысы Вадим Ковальчуктың айтуынша, электрондық билет жүйесінің іске қосылғанына екі жұма уақыт өткен. Алайда, тұрғындар мен қоғамдық көлік қызметкерлері аталмыш жүйеге қызығушылық танытпауда.

«Бізде электрондық билет елдің басты қалаларында сияқты өзекті мәселеге айналған жоқ. Бірақ қазіргі күні барлық автопарк көліктері аталмыш жүйе арқылы жұмыс істейді. Осыған орай, өз кәсіпорынымызға 100 валидатор құрылғысы сатып алынды. Сапар кезінде банк картасын мобильді валидаторға қосу керек. Жабдық бұзылған немесе істен шыққан жағдайда автопаркте резервтік қор қарастырылған. Мобильдік валидаторлар бағдарламасында жолаушылардың барлық санаттары қамтамасыз етілген», - дейді Вадим Ковальчук.

Оған қоса, қалалық мәслихат депутаттары Зәуреш Мұқашева және Қобланбек Қожин халық көп жиналатын аялдамалардың бірінде № 21 қоғамдық көлікке отырып, тексеріс жүргізген.

Тексеру барысында аталған көліктің кондукторы валидатор құрылғысын үйде тастап кеткені анықталды. Сондай-ақ ол электрондық билет жүйесімен жұмыс істеуге уақыты жоқтығын айтқан. Ал, жолаушылардың көбі электрондық билет жүйесінің қосылғаны туралы хабарсыз.

«Алдағы уақытта осындай оқиғалардың қайталанбауы және билеттеудің электрондық жүйесінің табысты жұмыс істеуі үшін елордадағыдай сараланған тариф керек. Яғни, тарифтің нақты көтерілуі болмайды, тек жолаушы жолақысын төлеу тәсілін өзі таңдайды. Қолма-қол төленген жағдайда 150-160 теңге немесе картамен төлесе 80 теңге шығады», - деді автопарк басшысы.

Еске сала кетейік, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 2019 жылдың 25 желтоқсанынан бастап, Павлодар қаласы «№ 1 автобус паркі» ЖШС-ның қоғамдық көліктерінің барлық бағыттарында электрондық билет жүйесі іске қосылған болатын. Бұл жаңашылдық күн сайын қаланың маршруттық желісінде жүретін үлкен санатты 10, 21, 22, 38, 40, 41, 42, 44 және 66-қоғамдық көліктерде бар.



Соңғы жаңалықтар