Павлодарлық жүргізушілер 670 млн теңге көлік салығын төлемеген

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодарлық автожүргізушілердің көлік үшін төленетін салық қарызы 670 миллион теңгеге жеткен, деп хабарлайды pavlodarnews. 

 Бүгін  облыс орталығында өңірлік ІІД мен мемлекеттік кірістер басқармасы бірлесіп, көлік салығы бойынша  берешегі бар автокөлік иелерін табу мақсатында рейд өткізді.

«Көлік салығынан  көбінесе қозғалтқышы төрт литрден жоғары болатын жүргізушілер қашқақтайды. Темір тұлпар иелері қолдарына салығы төленбегені жайлы ескертуді алса да, қарызын өтеуге асықпайды. Оларға салықты  төлеу үшін бір ай көлемінде уақыт беріледі. Егер бұдан еш нәтиже шықпаса, біз осындай рейдттерге шығамыз», - деді Павлодар қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім жетекшісі Мақсұт Қаңтарбаев. 

Бөлім жетекшісінің айтуынша, биыл Салық заңына өзгертулер енгізілді. Осылайша, енді көлік салығына қатысты бұйрықтарды мемлекеттік кірістер басқармасы шығара алады.  Кейін  бұйрық жеке сот орындаушысына жіберіледі. Егер аталған шаралардан кейін көлік иесі қарызын төлемесе,  мемлекеттен шекара асу құқығынан айырылады. Бұған қоса, жүргізуші куәлігі алынуы мүмкін.  Сонымен қатар, банктердегі есепшоттар мен картаға шектеу қойылады.

Айта кету керек, бүгін тоқтатылған төрт жол талғамайтын көліктердің біреуінде қарызы бар болып шықты. Ол 2017 жылы көлігін есепке тұрғызған кезде салық төлемеген. 60 мың теңге қарызын жапқанға дейін жүргізушінің көлігі айыппұл тұрағына қойылатын болды.

«Бір тоқсан ішінде айыппұл тұрағына 10-нан 15-ке дейін автокөлік қойылады, - деді Мақсат Қантарбаев.  «Жыл басынан бері тұраққа екі миллион теңге қарызы бар бес тұлпар жіберілді. Бүгінгі күнге  олардың  қарызы өтелген.  Бес мыңнан аса жүргізушіге ескерту жіберілді. Жалпы, автокөлік иелері мемлекетке 670 миллион теңге қарыз».

 Рейдтердің негізгі бөлігі «Ақ Отау»  мейрамханасының жанында, «Ертіс» бақылау-өткізу пункті және Успен көпірінің қасында жүргізіледі. Десе де, қала жолдарында орналасқан бейнебақылау камералары да бұл істе көмегін береді.

Айта кетерлігі,  өткен жылы желтоқсан айының басында 1,6 миллион теңге қарызы бар «Лексус» көлігі айыппұл тұрағына қойылған болатын.   2017 жылы төрт миллион теңге салық  төлемеген  тоғыз көлік тұраққа жіберілді. 

Соңғы жаңалықтар