Павлодарлық жастарды қолдау жобаларына Тұңғыш Президент қоры атсалысады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар қаласында ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының күндері өткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мақсат - облыс әкімдігімен бірлесе Мемлекет басшысының талантты жастарды қолдауға бағытталған идеяларын насихаттау, қор жобаларына Павлодар облысының жастарын қатысуға шақыру.

Тұңғыш Президент қорының жұмысымен танысу оның өкілдерінің облыс әкімі Болат Бақауовпен кездесуден басталды. Оның барысында атқарушы директордың орынбасары Игорь Рогов Тұңғыш Президент қорының қызметі туралы айтып берді. Сондай-ақ тараптар бірлескен жобаларға жастардың атсалысуын талқылады.

null

«Біз жылына 100-ге жуық жоба өткіземіз. Олар адами капиталдың жинақталуына, бәсекелестігін жоғарылатуға және қазақстандықтардың жаңа генерациясын қалыптастыруға бағытталған. Біздер ғылым, мәдениет және инновацияның дамуына қызығушылық танытатын жас дарындарға көмектесеміз. Бұл бағыттардың барлығы Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Жастар жылының ашылу барысында айтқан идеяларымен және қойылған міндеттермен сәйкес келеді», - деді ол.

Өз кезегінде облыс әкімі Б. Бақауов аймақта өскелең ұрпақты қолдауға арналған шаралар туралы мәлім етті. Биыл 500-ге жуық әлеуметтік және мәдени шара өткізу жоспарда бар. Соның ішінде жастарды жұмыспен және үймен қамту мәселесіне басымдық беріледі.

Тараптар жастарды қолдау мақсатында қарым-қатынасты нығайтуға және ынтымақтастықты қалыптастыруға келісті.

Кездесу соңында қор атынан «Жастардың бастамаларын дамыту орталығына» компьютерлік құралдар алу үшін 3 млн теңге көлеміндегі сертификат табысталды.

null

Ресми кездесуден соң С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жастармен кездесу ұйымдастырылды. ҚР Тұңғыш Президенті қорының, ҚР Мемлекеттік тілді дамыту қорының, қор жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің өкілдері және лауреаттар қордың шаралары мен конкурстары туралы айтып берді, шеберлік сағаттар өткізді.

Нәтижесінде 400 павлодарлық жас ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының жобалары мен «Smart zholy», «Алтын тобылғы», «Кім ақылды?», «Болашақ ғалымдар», «Асыл мұра» секілді конкурстар туралы толығық мағлұмат алды, оларға қатысу жолдарымен танысты.

«Айта кету керек, Павлодар облысының жастары Түңғыш Президент қорының жобаларына белсенді қатысады. Осы күнге дейін 60жас біздің конкурстарымыздың жеңімпазы болды, лауреат атанды», - делінген қордың баспасөз хабарламасында.

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының күндерін облыстарда өткізу дәстүрге айналды. Жастар жылын қор өкілдері Павлодар облысынан бастады.

null

Соңғы жаңалықтар