Павлодарлық ұстаздар ҚР Президентінің алғыс хатымен марапатталды

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысының үздік ұстаздары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды. Педагогтарға марапатты Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов табыстады. Бұл туралы ҚазАқпарат аймақ әкімінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Атап айтқанда, мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай №2 Ертіс орта мектебінің бастауыш сынып мұналімі Жанат Камалова, Баянауыл ауданы Қ. Сәтбаев атындағы оқу-тәрбие кешенінің тарих мұғалімі Қайриден Мұзафаров, Тереңкөл ауданының Қ. Оспанова атындағы №3 қазақ орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Құсни Исмаилова, Павлодар ауданы Шақат орта мектебінің биология мұғалімі Сағынтай Смайылов және Екібастұз қаласының С. Торайғыров атындағы №22 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Күлбаршын Сейітова Мемлекет басшысының атынан алғыс хат алды.

«Мен 34 жыл бойы орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беріп келемін. Оқушыларым көптеген зияткерлік сайыстар мен олимпиадаларда топ жарып жүр. Еңбегімнің осынадай жоғары деңгейде ескерілгені қуантады», - дейді Құсни Исмаилова.

Ұстаздарды марапаттарымен құттықтаған аймақ басшысы: «Бар еңбегін шәкіртіне арнаған біздің ұстаздарды мақтан тұтамын. Балаларға білім беріп, қоршаған ортамен таныстыру үшін белгілі дәрежедегі дағдылармен қатар аса зор талант иесі болу керек. Біздің өңіріміз болашақта да алдыңғы қатарлардан көрінеді деп сенемін», - деп атап өтті.

Соңғы жаңалықтар