Павлодарлық шенеунік Әлихан Бөкейханның бюстін кедергісіз қабылдау үшін пара алған

Фото: None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Павлодар облыстық мәдениет басқармасының басшысына қатысты сот үкімі шықты. Сотқа дейінгі тергеуді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кәсіпкерден пара алды деген күдікке ілінген мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы кінәсін мойындады.

2022 жылғы 9 маусымда Самал Бегалинова ЖК басшысынан шарт жасасқаны үшін 1 млн теңге пара алған. Компания Павлодар мектебіне Әлихан Бөкейхановтың бюстін дайындайтын болған және оны кедергісіз қакбылдауға келіскен.

«Сот Самал Бегалинованы ҚК-тің 366-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды және оған үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындады. Сондай-ақ, мүлкін – сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитеттің облыстық департаментінің заттай дәлелдемелерді сақтау камерасында тұрған миллион теңгені тәркілеу туралы үкім шығарды», - деп хабарлады №2 Павлодар сотының судьясы Әсемқоңыр Сайран.

Сонымен қатар, ол енді өмір бойы мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сондай-ақ Қазақстанның Ұлттық Банкі мен оның ведомстволарында қызмет атқару құқығынан айырылды.

Сотталған адамның өзі жалғыз тәрбиелеп отырған екі жас баласы (12 және 4 жастағы) болуына байланысты бас бостандығынан айыру жазасын өтеу оған 5 жылға кейінге қалдырылды (ҚК 74-бабының 1-бөлігі негізінде).

Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.

Мінез-құлқын бақылау тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жүктелді.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.


Соңғы жаңалықтар