Павлодарлық полицейлер аязда жолда қалған Түркия азаматына көмектесті

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтің атына Түркия азаматы Самсун Ақғабаттан алғыс хат келіп түсті. Онда Ресейден Түркияға жүк апара жатқан Самсун Ақғабат көлігінің соляркасы қатып, жолда қалған кезінде өзін құтқарған полиция қызметкерлеріне алғыс айтқан, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Павлодар облысы полиция департаменті патрульдік полиция ротасы қызметінің аға инспекторы Арман Ғинаятовтың айтуынша, 16 қаңтарда сағат 03.20-да серіктесі Төлеубай Құдабергеновпен бірге Павлодар - Қызылорда автожолын патрульдеу кезінде жол жиегінде тұрған «Мерседес» жүк көлігін көрген.
Жүргізуші Қазгидромет орталығының ескертуіне қарамастан, бірнеше күн бұрын Ресей Федерациясынан Түркияға жүкпен шыққан.
«Ер адам жүкті уақтылы жеткізу керек болған соң жолға шыққанын айтып, ақталды. Көліктің соляркасы қатып қалған екен және қайда хабарласу, жүгіну керек екенін білмеген. Екі сағаттан астам уақыт тұрып, тоңып қалған», - дейді ол.
Тәртіп сақшылары Түркия азаматын қызметтік көліктің салонына отырғызып, ыстық шай бергеннен кейін ең жақын дәмханаға апарып, тамақтандырғаннан соң түнейтін орын тауып берген. Өздері көлікті жылы боксқа алып кетті.
Полицейлерге риза болған ер адам оларға алғыс айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Айта кетерлігі, бүгінгі таңда облыс автожолдарымен патрульдік полицияның 12 экипажы жүреді. Олардың міндеті - жолдағы құқық бұзушылықтарға жол бермеу және жолда қалған жүргізушілер мен жолаушыларға көмек көрсету.
Павлодар облысының полиция департаменті алыс сапарға шықпауға және ауа райы мен жолдардың жағдайы туралы хабарламаларды ескеруге кеңес береді.
Жолда қиын жағдайға тап болған жолаушылар тәулік бойы ішкі істер органдарының бөлімшелерінен 102 нөмірі бойынша көмек сұрай алады.
- Қостанайда жол апатынан қаза тапқандардың саны жетеу болды
- Әлемдегі елдерде баланы кемсітуге қалай жол берілмейді – ІІМ мысал келтірді
- Футбол ойнай алмағаны үшін сыныптастарының келемеждеуіне ұшыраған жасөспірім өзіне қол салды
- Қостанай облысында жол апатынан 6 адам қаза тапты
-
Павлодар облысында екі басқармаға жаңа басшы тағайындалды
-
Қылмыстық топ еліміздің төрт қаласына пойызбен есірткі тасымалдаған
- Елбасы жолдауы
- Жолдау жүктеген міндеттер
- Қазақстан тарихы
- Әлемдік БАҚ Қазақстан туралы
- Жаңа индустрияландыру
- Болашаққа 100 қадам